Ордабасы ауданы жаңартылатын энергия көздерін дамытуда жаңа белеске шығады. Аудан аумағында қуаттылығы 50 МВт болатын заманауи күн электр станциясының құрылысы жоспарлануда. Бұл ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін Қытай Халық Республикасының белді инвесторы – «ASIA ENERGY Co» ЖШС тартылып отыр.
Жобаның іске асырылуына байланысты аудан әкімі Азат Оралбаев пен Қытай инвесторы Чен Жянфенг арасында екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат тараптар арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтып, жобаны жүзеге асыруға қажетті қолдаулар мен инфрақұрылымдық міндеттемелерді нақты айқындайды.

Алдағы кезеңде инвестор тарапынан жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі мұқият дайындалып, инженерлік іздестіру жұмыстары жүргізілетін болады. Сонымен қатар, инфрақұрылым тарту, электр желілеріне қосу, жерді дайындау сияқты ұйымдастыру шаралары кезең-кезеңімен атқарылмақ.
Бұл күн электр станциясының жобасы Ордабасы ауданының энергетикалық әлеуетін айтарлықтай арттырып, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға тың серпін береді деп күтілуде. Жаңа станцияның іске қосылуы аймақтың энергиямен қамтамасыз етілуін нығайтып, экологиялық таза энергияға деген сұранысты қанағаттандыруға ықпал етеді. Шетелдік инвестицияның тартылуы ауданның экономикалық дамуына да оң әсерін тигізеді деген сенім бар.
