КЕНТАУДА ЖАСТАРДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ БОЙЫНША ҮШЖАҚТЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Жастарды жұмыспен қамту – Мемлекет басшысының ерекше назарындағы өзекті мәселе. Президенттің Жолдауларында бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту, жастардың кәсіби дамуына жағдай жасау және олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында нақты міндеттер қойылған. Осыған орай, Кентау қаласында жастарды жұмыспен қамту мәселесіне арналған маңызды жиын өтті. Қала әкімдігінде өткен кездесуге қала әкімі Жандос Тасов қатысып, жиынның негізгі тақырыбы – Кентау қаласы көпсалалы колледжінің түлектерін жұмысқа орналастыру болды.

Бұл кездесудің қорытындысы ретінде тарихи маңызы бар үшжақты меморандумға қол қойылды. Меморандумға қала әкімдігі, Кентау қаласы көпсалалы колледжі және газ қазандықтарын өндіретін «TURAN SHENHUA» ЖШС зауытының басшылықтары қол қойды.

Меморандумның негізгі мақсаты – колледж түлектерінің кәсіби біліктілігін арттыру және оларды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету. Келісім бойынша, Кентау қаласы көпсалалы колледжінің студенттері енді «TURAN SHENHUA» зауытында өндірістік тәжірибеден өтетін болады. Бұл тәжірибе оларға теориялық білімдерін практикамен ұштастыруға, нақты өндірістік процестерді игеруге және болашақ мамандығына тереңірек дайындалуға мүмкіндік береді.

Оқуларын аяқтағаннан кейін, осы зауытта тәжірибеден өткен түлектер қажеттілікке сай жұмысқа орналасатын болады. Бұл жастар үшін өте маңызды мүмкіндік, өйткені олар оқу орнынан тікелей жұмысқа орналасу жолын табады, бұл еңбек нарығындағы алғашқы қадамдарын жеңілдетеді.

Бұл үшжақты меморандум – Кентау қаласында жастарды жұмыспен қамту саласындағы жаңа серпін. Ол мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын жүзеге асыруға, жастардың әлеуетін толық ашуға және қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға бағытталған. Бұл бастама жастардың болашағына деген сенімді арттырып, олардың еліміздің дамуына белсенді қатысуына жол ашады деп сенеміз.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар