Сауран ауданында қуаты 300 МВт күн электр станциясы салынуда. Аталған жоба Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы Үкіметтері арасында жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастық туралы қол қойылған келісім шеңберінде іске асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты – жаңартылатын энергия өндірісін арттыру, көмір генерациясына тәуелділікті төмендету және елдің энергетикалық жүйесінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету. Жобаның іргетасы өткен жылдың желтоқсан айында қаланған.
Бұл жоба – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвесторларға жан-жақты қолдау көрсету саясатының нақты нәтижесі және Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің айқын көрінісі.
Кездесу барысында әкімдік тарапынан көрсетілетін әкімшілік қолдау, инфрақұрылымды дамыту және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылды күшейту мәселелері жан-жақты қаралды.
Жобаның техникалық ерекшеліктеріне сәйкес, электр станциясы заманауи энергия үнемдейтін күн панельдерімен жабдықталады. Қосалқы станцияда әрқайсысының қуаты 400 МВА болатын екі трансформатор орнатылады. Сонымен қатар қуаты 90 МВт/360 МВт·сағ болатын энергия жинақтау жүйесі электр желісінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жалпы инвестиция көлемі шамамен 160 млрд теңгені құрайды.
Құрылыс және пайдалану кезеңдерінде 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Бұл ретте жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту және кадрлардың біліктілігін арттыру мәселелеріне басымдық берілуде.
Қазіргі таңда стратегиялық маңызды жобаны іске асырудың келесі кезеңдері жоспарланған. Атап айтқанда, құрылыс алаңына арналған контейнерлерді жеткізу, алғашқы партиядағы күн панельдері мен қосалқы жабдықтарды тасымалдау жұмыстары жүргізілуде. Жоба 2024–2027 жылдар аралығында кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Жоба нәтижесінде елдің энергия теңгеріміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесі артып, атмосфераға бөлінетін зиянды шығарындылар азаяды, өңірлік инфрақұрылым дамып, Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығы күшейеді деп күтілуде.
