Қазақстан Республикасының Президенті инвестиция тарту мәселесіне ерекше назар аударады. Елдің экономикалық дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін шетелдік және отандық инвестицияларды көбейту – басты басымдықтардың бірі болып табылады. Осы мақсатта Түркістан қаласында өткен «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық форумы қаланың дамуында маңызды кезеңдердің бірі болды. Бұл іс-шара шетелдік инвесторлар, халықаралық компания өкілдері мен өңірге қызығушылық танытқан кәсіпкерлерді Түркістанға жинап, қаланың әлеуетімен танысуға мүмкіндік берді.
Форум барысында қалаға инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу, инженерлік инфрақұрылымды жақсарту және туризмді дамыту бағыттары кеңінен талқыланды. Түркістанның географиялық орналасуы, логистикалық артықшылықтары, жас әрі еңбекке қабілетті халқы инвесторлар үшін ерекше қызығушылық тудырды.
Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық дәлізінің дәл Түркістан арқылы өтуі қаланы ірі транзиттік және сауда орталығына айналдыруға үлкен мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, қала маңындағы индустриалды аймақтар, шағын өнеркәсіптік парктер инвесторларға қолайлы инфрақұрылым ұсынады.
Форум аясында ұсынылған жобалар Түркістан қаласының экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және туризмді жаңа деңгейге шығаруға ықпал етеді. Бұл ретте шетелдік инвесторлармен G2B кездесулерде кеңінен талқылап, бірнеше өзара ынтымақтастық меморандумдарына қол қойылды.
Жақын жылдары 2025–2028 жылдарға жоспарланған 100-ден аса инвестициялық жобаның бір бөлігі тікелей Түркістан қаласының дамуына бағытталмақ.
Биылдың өзінде ондаған жаңа жобалар іске асып, мыңдаған азамат тұрақты жұмыспен қамтылды.
Бүгінгі халықаралық форум Түркістан қаласының халықаралық деңгейдегі серіктес болуға дайын екенін тағы бір рет дәлелдеді.
