ТҮРКІСТАН: РӘМІЗДЕР АЛАҢЫ МЕН ҚАЗАҚЫ ҮЛГІДЕ ҚОНАҚҮЙ САЛЫНАДЫ

Киелі Түркістан қаласында мәдени және туристік әлеуетті арттыруға бағытталған ауқымды сәулеттік жобалар жүзеге асырылады. Түркістан облысының  әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен сәулеттік кеңес отырысында Түркістан қаласында және өңірдің басқа да қалаларында жоспарланып отырған маңызды бастамалар талқыланды.

Ең басты жаңалықтардың бірі – Түркістан қаласында заманауи үлгіде Рәміздер алаңын салу. Бұл алаң тек мерекелік шаралардың орталығы ғана емес, сонымен қатар қаланың жаңа келбетін айшықтайтын маңызды нысанға айналады.

Сонымен қатар, қазақы үлгіде қонақүй құрылысын бастау жоспарлануда. Бұл қонақүй ұлттық нақыштағы архитектуралық шешімдерімен ерекшеленіп, киелі шаһардың рухани және мәдени ерекшеліктерін айшықтайтын болады.

Киелі Түркістанда бұдан бөлек медициналық орталық пен билер аллеясын салу көзделуде. Бұл нысандар қала тұрғындары мен туристерге қызмет көрсетуді жақсартып, аймақтың әлеуметтік-мәдени инфрақұрылымын нығайтады. Қала көшелерінде шағын сәулеттік формалар орнатылып, қоғамдық кеңістіктердің тартымдылығы артпақ.

Экологиялық тұрғыдан да маңызды шаралар қарастырылуда. Көше бойларына жабайы жүзім өсіріліп, жазғы аптапта көлеңке мен сая болар орындар көбейтіледі. Бұл бастама қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы әрі табиғи ортада демалуға мүмкіндік береді.

Сәулеттік кеңес отырысында Арыс және Кентау қалаларындағы сәулеттік жобалар да талқыланды. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров, жобаларды жүзеге асыру барысында заманауи әрі соңғы үлгідегі тәсілдер мен идеяларды қолданудың маңыздылығын атап өтті.

«Аудандардың кіреберістерін сәндеуде заманауи сәулет үлгілерін ұсыныңыздар. Сәулет-құрылыс саласына жаңашылдық, белсенділік қажет. Жалпы өңірдің дизайн коды Түркістан қаласымен үндес әрі біркелкі болуы керек деп ойлаймын. Өңірдегі туристік нысандар орналасқан аудан, қалалардың кіреберіс тұстарын, шекарадағы кеден бекеттерінің айналасын реттеу қажет», – деді Нұралхан Көшеров.

Бұл жобалар Түркістанның тек рухани астана ғана емес, сонымен қатар заманауи инфрақұрылымы дамыған, туристер үшін тартымды қалаға айналуына жол ашады. Жаңа нысандардың салынуы жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, қаланың экономикалық әлеуетін нығайтады. Бұл кешенді шаралар Түркістанды тек киелі мекен ғана емес, сонымен қатар заманауи дамыған, туристер үшін жайлы және тартымды өңірге айналдыруға бағытталған.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар