ТҮРКІСТАН — ТУРИЗМНІҢ ЖАҢА ОРТАЛЫҒЫ

Түркістан – бұл тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл түркі әлемінің рухани астанасы. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан бұл ежелгі қала тарихымен, мәдениетімен және діни маңызымен ерекшеленеді. Соңғы жылдары Түркістанды туристік орталық ретінде дамытуға айтарлықтай көңіл бөлініп, қаланың әлеуеті жаңа қырларымен ашылуда.

Туризмнің қарқынды дамуы: Сандар сөйлейді

Түркістанның туристік әлеуетінің артып келе жатқаны сандардан айқын көрінеді. Мәселен, 2025 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында Түркістан қаласына бір күндік келушілер мен туристер саны 546,1 мың адамды құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,9%-ға артты. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың алғашқы алты айында 487,9 мың адам болған еді.

Ерекше қуантатыны – шетелдік туристердің санының айтарлықтай өсуі. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында шетелдік бір күндік келуші мен туристер саны 7,1 мың адамға жетті. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 195,8%-ға жоғары көрсеткіш (2024 жылдың 6 айында – 2,4 мың адам). Бұл Түркістанның халықаралық аренадағы танымалдылығының артып келе жатқанын көрсетеді.

Қаланың туристік инфрақұрылымы да белсенді дамуда. 2025 жылдың ІІ тоқсаны бойынша Түркістан қаласында орналастыру орындарының саны (қонақүй, хостел, кемпинг және т.б.) 72-ге жетіп, 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (2024 ж. ІІ тоқсан – 65 бірлік) 9,2%-ға артқан. Бұл туристерге қолайлы жағдай жасауға бағытталған жұмыстардың нәтижесі.

Инвестициялардың өсуі және болашақ жобалар

Түркістанның туризм саласына тартылған инвестиция көлемі де жыл сайын артып келеді. Биылғы 6 айда Түркістан қаласының туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 41,1 млрд. теңгені құрап, 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (2024 ж. 9 ай – 38 млрд.тг.) 8,1%-ға артты.

Бұл инвестициялардың негізінде болашаққа бағытталған жобалар жатыр. Түркістан қаласында туризм саласына инвестиция тарту бойынша 2024-2027 жылдар аралығында құны 16,6 млрд. теңгені құрайтын 11 жоба іске асырылуда. Бұл жобалардың нәтижесінде 354 жаңа жұмыс орны ашылып, қосымша 143,9 млн. теңге жылдық салық түсімі түседі деп күтілуде.

Қазіргі таңда бұл 11 жобаның 4-еуі іске асырылып, қалған 5 жоба жыл соңына дейін, ал 2 жоба келесі жылы жүзеге асады деп жоспарлануда. Бұл инвестициялар қаланың туристік инфрақұрылымын одан әрі дамытып, жаңа мүмкіндіктер ашады.

Халықаралық ынтымақтастық және мәдени байланыстар

Түркістанның рухани астана ретіндегі мәртебесін нығайту мақсатында халықаралық қатынастарды дамытуға да айтарлықтай көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда Түркістан қаласымен бауырластық қарым-қатынас орнатқан 6 қала, достық ынтымақтастық орнатқан 5 қала бар. Олардың қатарында Әзербайжанның Шуша қаласы, Түркияның Ыстамбұл қаласының Мальтепе, Үскідар, Зейтинбурну муниципалитеттері, Тәжікстанның Худжант қаласы, Қытай Халық Республикасының Юэцин қаласы бар. Бұл серіктестіктер мәдени алмасуды, туризмді бірлесіп дамытуды және тәжірибемен бөлісуді көздейді.

Жақында ашылған Қолөнершілер қалашығы және өткізілген «TURKISTAN WORLD CRAFT FEST–2025» халықаралық қолөнершілер фестивалі бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі болды. Ұлттық мұраны сақтау, қолөнер шеберлерін қолдау, туризмді дамытып, экономикалық әлеуетті көтеру мақсатында ашылған Қолөнершілер қалашығының жалпы ауданы – 2,56 гектар. Бұл орталықта түрлі қолөнер бұйымдарын жасайтын 100 адамға жаңа жұмыс орындары ашылып отыр. Бұл жобалар Түркістанның тек тарихи және діни орталық қана емес, сонымен қатар қолөнер мен мәдени туризмнің де дамып келе жатқан орталығы екенін көрсетеді.

Түркістан қаласының туризм саласындағы қарқынды дамуы, инвестициялардың артуы және халықаралық ынтымақтастықтың нығаюы оның болашақта түркі әлемінің рухани астанасы ретіндегі рөлін одан әрі күшейтетінін айғақтайды. Қаланың әлеуеті толық ашылып, туристер үшін тартымды бағытқа айналуда.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар