Өңірлерді дамытудың негізгі қозғаушы күштерінің бірі – жаңа кәсіпкерлерді қолдау, оларға бастапқы капиталмен көмектесу. Осы тұрғыдан алғанда, қайтарымсыз грант арқылы жеке кәсіп бастау – өңірлердегі шағын және орта бизнестің өсуіне қолайлы жағдай жасаудың тиімді тетіктерінің бірі болып табылады. Түркістан қаласының тұрғыны, талантты шебер Жамбыл Арыстанәлиұлы мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында өз кәсібін жаңа деңгейге көтерді.
Мемлекеттік қайтарымсыз гранттың көмегімен ол өзінің домбыра жасау шеберханасын заманауи техникалармен жабдықтады. Бұл инвестиция Жамбылдың кәсібіне тың серпін беріп, ұлттық аспаптар жасау ісін жаңа қырынан дамытуға жол ашты.
Бүгінде Жамбыл Арыстанәлиұлының шеберханасынан күн сайын оннан астам ұлттық нақыштағы домбыра шығады. Әрбір аспап – шебердің жүрегінен өткен жылылықтың, ұлттық рухты ұлықтаған еңбектің көрінісі. Оның қолынан шыққан домбыралардың қоңыр үні қазақ өнерінің бай мұрасын жаңа аспаптардан қайта жаңғыртып, тыңдаушылардың жүрегіне жетіп жатыр.
Жамбыл Арыстанәлиұлының мақсаты тек домбыра жасаумен шектелмейді. Ол қазақтың асыл мұрасын, оның ішінде ұлттық аспаптар жасау өнерін келер ұрпаққа саф күйінде жеткізуді басты міндеті санайды. Оның бұл ісі – тек кәсіп қана емес, ұлттық мәдениетті сақтау мен насихаттау жолындағы елеулі үлес.
Мемлекеттік қолдаулар жұмыссыздық мәселесін азайтуға ықпал етіп қана қоймай, шағын және орта бизнестің дамуына да оң серпін беруде. Жамбыл Арыстанәлиұлының мысалы – мемлекеттік қолдаудың кәсіпкерлікке, ұлттық құндылықтарды дамытуға қаншалықты тиімді әсер ететінінің айқын дәлелі. Шебердің еңбегі мен мемлекеттің қолдауы қазақ өнерінің жаңа биіктерге жетуіне жол ашатыны сөзсіз.
