Бүгінгі таңда «Әділетті Қазақстан» ұғымы жай ғана ұран емес, әрбір азаматтың еркін әрі тең құқылы өмір сүруге деген ортақ арманына айналды. Бұл мақсатқа жетудің басты тетігі – мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және оның маңызды кезеңі – алдағы Құрылтай сайлауы. Халықтың үні жететін, тағдырымызды өзіміз айқындайтын бұл саяси науқанға немқұрайлы қарауға болмайды, өйткені әрбір дауыс – ел ертеңіне деген азаматтық ұстанымның көрінісі.
Осы маңызды саяси оқиғаға дайындық аясында Созақ ауданында ауқымды жұмыстар қолға алынды. Атап айтқанда, учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған арнайы оқыту семинары өтті. Жиынды Созақ аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Т. Бекқұлы ашып, сайлау процесін ұйымдастырудың маңыздылығына тоқталды. Семинарға қатысқан Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Б. Хасанов пен комиссия мүшелері Қ. Құлажанов және Б. Өскенбаев сайлау рәсімдерін заң талаптарына сай өткізу, комиссия мүшелерінің функционалдық міндеттері мен дауыс беру күніндегі жұмыстарды үйлестіру бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Семинар барысында алдағы сайлауға дайындық барысы жан-жақты пысықталып, учаскелік комиссиялардың практикалық дайындығын жетілдіруге бағытталған ұсынымдар берілді. Теориялық білімді бекіту мақсатында комиссия мүшелері арнайы тестілеуден өтті. Сонымен қатар, облыстық комиссия өкілдері аудандағы бірқатар сайлау учаскелерін аралап, олардың материалдық-техникалық жабдықталуын, ақпараттық материалдардың орналастырылуын және сайлаушыларға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жеке бақылауына алды.
Әділетті Қазақстанды құру – бір күнде болатын дүние емес, бұл – саналы таңдаудан басталатын ұзақ жол. Сайлау учаскелеріндегі дайындық жұмыстарының жоғары деңгейде өтуі, заңдылық пен ашықтықтың сақталуы – халықтың өз таңдауына деген сенімін нығайта түспек. Созақ ауданындағы сайлау комиссиялары алдағы науқанды жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізуге толық дайын.
