Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен қала аумағындағы тазалық пен абаттандыру, заңсыз әрі ретсіз жарнамаларды жою, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу және салық өндіру бағытында атқарылған жұмыстарға арналған лездемелік мәжіліс өтті.
Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, тиісті бөлім басшылары мен жауапты қызметкерлер қатысты. Мәжіліс барысында сала басшылары атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, қазіргі жағдай мен алда тұрған міндеттер талқыланды.
Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мұхит Кушенов қала аумағындағы заңсыз және ретсіз орналастырылған жарнамаларды анықтау және жою бағытында жүргізілген мониторинг қорытындыларын баяндады. Оның айтуынша, жыл басынан бері қасбеттерді ретке келтіруге бағытталған жұмыстар аясында 637 жарнама нысаны бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Бұл жұмыстардың нәтижесінде 35 нысан тіркеуге алынып, 602 заңсыз жарнама бөлшектеліп жойылды. Бұл шаралар қаланың көркем келбетін сақтауға және заңсыз жарнамалардың көбеюіне жол бермеуге бағытталған.
Түркістан қаласы полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы А.Сапарбековтің мәлімдеуінше, биылғы 10 ай 17 күнде қала аумағында 106 931 құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде қоғамдық тәртіпке қатысты 26 192, жол қозғалысы ережелеріне байланысты 80 739 жағдай тіркелген.
Тазалық бағытындағы «нөлдік төзімділік» қағидаты аясында 14 150 құқық бұзушылық анықталып, қоғамдық орындарды ластау, абаттандыру қағидасын бұзу және жол жабындысын бүлдіру деректері бойынша айыппұлдар белгіленіп, басым бөлігі толық өндірілді. Қаланы қоқыстан қорғау мақсатында тәулік бойы жүргізілетін шолу жұмыстары нәтижесінде 12 құқық бұзушылық анықталып, кінәлі тұлғаларға заң аясында шара қолданылды.
Мәжілісте «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында айыппұлдарды өндіру жұмыстарының күшейтілгені атап өтілді. Жеке сот орындаушыларына 14 963 хаттама жолданып, жұмыс орындары арқылы 71 қаулы орындалуда. Айыппұлдарды өндіру мақсатында 2 965 автокөлік айыптұраққа қойылып, өндірілмеген айыппұлдармен жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Мәжіліс қорытындысы бойынша, қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы тиісті сала басшыларына тазалықты арттыру, абаттандыру жұмыстарын жандандыру, заңсыз жарнамалармен күресті күшейту және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ, салық және айыппұлдарды өндіру жұмыстарын одан әрі күшейту, халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізу және қала тұрғындарының белсенді қатысуын қамтамасыз ету маңыздылығы атап өтілді. Келесі лездемелік мәжілісте атқарылған жұмыстардың нәтижелері бойынша қосымша есеп берілетін болады.
