ТҮРКІСТАНДА ҮЗДІКТЕРДІ АНЫҚТАЙТЫН «QAYDA ПРЕМИЯ» САЛТАНАТТЫ КЕШІ ӨТТІ

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріліп, оның туристік әлеуетін дамытуға баса назар аударылуда. Бұл бағыттағы жұмыстардың маңызды бір бөлігі ретінде қаланың туризм, қызмет көрсету және қонақжайлылық салаларындағы үздіктерін марапаттауға арналған дәстүрлі «Qayda Премия by Tourism Awards» салтанатты кеші өтті.

Аталған кештің негізгі мақсаты – туризм, қызмет көрсету және қонақжайлылық салаларындағы белсенділікті арттыру, бәсекелестікті нығайту және ең бастысы, сапалы қызмет көрсетіп жүрген нысандар мен кәсіп иелерін бір ортаға жинап, олардың еңбегін бағалау. Бұл марапаттау жүйесінің ерекшелігі – жеңімпаздарды анықтау алдын ала тұрғындардың дауыс беруі арқылы жүргізілді. Бұл тәсіл қала тұрғындарының белсенділігін арттырып, өздерінің сүйікті орындары мен қызмет көрсету нысандарын қолдауға мүмкіндік берді.

Салтанатты кеш барысында жыл бойы атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылып, түрлі номинациялар бойынша үздік деп танылған орындар мен қызмет көрсету орындары марапатталды. Жеңімпаз номинация иегерлеріне арнайы статуэткалар табысталып, олар өз салаларындағы жетістіктерімен, алдағы жоспарларымен бөлісті. Бұл марапаттау – тек бір кештің нәтижесі емес, сонымен қатар, қаланың туристік инфрақұрылымын дамыту жолындағы маңызды қадам.

Vendo Group өкілдерінің айтуынша, дауыс беру арқылы анықталатындықтан, жергілікті кәсіпкерлер мен белсенді ұйым өкілдері бұл шараға белсенді атсалысқан. Бұл өз кезегінде, қызмет сапасын біршама арттыруға, тұтынушыларға қолайлы жағдайлар жасауға ықпал еткен. Кәсіпкерлер түрлі жеңілдіктер мен қолайлы бағалар ұсына бастаған, бұл туристер үшін де, жергілікті тұрғындар үшін де жағымды жаңалық болды. Бұл шараның экономикалық әсері де айтарлықтай, өйткені ол жергілікті бизнесті ынталандырып, туризмнің дамуына серпін береді.

Түркістан қаласының тарихи-мәдени маңызы зор, әрі рухани орталық ретінде ерекшеленеді. Ерекше мәртебе  қаланың туристік әлеуетін одан әрі ашуға жол ашты. Бұл бастама аясында қаланың инфрақұрылымын дамыту, туристік нысандарды жаңғырту және халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсетуді қамтамасыз ету жұмыстары қарқын алды. «Qayda Премия by Tourism Awards» сияқты шаралар осы бағыттағы жұмыстардың маңызды бір бөлігі болып табылады. Олар тек үздіктерді марапаттап қана қоймай, сонымен қатар, сала мамандары мен кәсіпкерлерді бір-бірімен тәжірибе алмасуға, жаңа идеялармен бөлісуге және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ынталандырады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар