ЗАҢ және ТӘРТІП: ӘДЕБІ ЖОҒАРЫ ҚЫЗМЕТКЕР ЗАҢСЫЗДЫҚҚА БАРМАЙДЫ

Бәйдібек ауданында мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында маңызды жиын өтті. Түркістан облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Ербол Ормановтың қатысуымен өткен бұл іс-шара ауданның мемлекеттік басқару жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың маңыздылығын айқындап, әдептілік мәселелеріне ерекше назар аударды.

Жиынға аудан әкімдігінің қызметкерлері, ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары, коммуналдық мекеме жетекшілері, мемлекеттік қызметшілер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Іс-шараны аудан әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл Фазылбек Әуен жүргізіп, жиынның күн тәртібін айқындап берді.

Кездесу барысында 2025 жылдың 9 айында аудан бойынша Әдеп нормаларын сақтау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша атқарылған жұмыстардың қорытындылары талқыланды. Мемлекеттік қызметшілерге Әдеп кодексінің талаптары мен этикалық мінез-құлық ережелері егжей-тегжейлі түсіндірілді. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік желілердегі әрекеттері мен моральдық-әдеп нормаларын сақтауына жүргізілген мониторингтің нәтижелері және осы бағытта қабылданған тәртіптік шаралар қаралды.

«Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуына кедергі келтіретін, әділетсіздікті тудыратын және мемлекеттің беделін түсіретін қатерлі дерт. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жаңа Қазақстанды құрудың негізгі бағыттарының бірі ретінде белгіледі. Оның бұл бағыттағы ұстанымы айқын және қатаң» деп атап өтті Ербол Орманов.

Ауданның әдеп жөніндегі уәкілі Фазылбек Мұхаддасұлы 2025 жылдың 10 айында Әдеп нормаларын сақтау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар туралы толық баяндама жасады. Ол әдеп нормаларын сақтау мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің өзара тығыз байланысты екенін атап өтті. Әдепті қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын аз болатыны, мемлекеттік қызметшілер мен азаматтар жоғары әдептілік деңгейін ұстанғанда, өз міндеттерін адал атқарып, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезініп, заңсыз әрекеттерге бармайтыны айтылды.

Жиын соңында Түркістан облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Ербол Керімбекұлы аудандағы бірқатар мемлекеттік қызметшілерді жеке қабылдап, олардың көтерген мәселелерін тыңдады. Мәселелерді шешу бойынша тиісті ұсыныстар айтылып, олар назарға алынып, талқыланды. Бұл кездесу мемлекеттік қызметшілердің әдептілік қағидаттарын тереңірек түсінуіне, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және жалпы ауданның дамуына оң ықпал ететін болады деп күтілуде.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар