ЖЕТІСАЙДА СЫМТЕМІР ӨҢДЕЙТІН ЦЕХ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Жетісай ауданында шағын және орта бизнесті дамыту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Жақында ауданның экономикалық әлеуетін арттыратын жаңа өндіріс орны іске қосылды. Жетісай қаласында орналасқан «Жасурбек строй» шағын цехы темір сымнан тоқылған қоршаулар жасаумен айналысады.

Аталған кәсіпорын 2026 жылдың наурыз айында кәсіпкер Жасурбек Сабировтың жеке инвестициясы есебінен ашылған. Цехтың өндірістік қуаттылығы тәулігіне 1500 погонометр қоршау өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда цехта 2 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндіріске қажетті шикізат Шымкент қаласынан жеткізіледі.

Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов жұмыс сапарымен аталған нысанда болып, өндіріс барысымен танысты. Кездесу барысында кәсіпкер Жасурбек Сабиров қазіргі таңда жергілікті тұрғындар мен құрылыс компанияларының тапсырыстары бойынша жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

Сонымен қатар, кәсіпкер алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, кәсібін кеңейту мақсатында мемлекеттік бағдарламалар аясында жеңілдетілген несие алуға ниетті екенін атап өтті.

Аудан әкімі өз кезегінде кәсіпкерге өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды мемлекеттік қолдау мен кәсіпкерлік қызметті реттеу саласындағы заңнамалар аясында қаржыландыру, өндіріске қажетті инфрақұрылымдарды дамыту және мемлекет тарапынан қарастырылған басқа да қолдаулар мен жеңілдіктерді түсіндіріп, пікір алмасты.

Айта кетейік, Жетісай ауданында шағын және орта бизнесті дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл бағдарламалар кәсіпкерлерге өз істерін бастауға, кеңейтуге және дамытуға қолайлы жағдай жасайды. «Жасурбек строй» цехының іске қосылуы – осы бағдарламалардың тиімділігінің тағы бір дәлелі. Жаңа өндіріс орнының ашылуы жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашумен қатар, аудан экономикасының тұрақты дамуына оң әсерін тигізеді. Өңдеу өнеркәсібінің дамуы, әсіресе, ауданның экономикалық әртараптандырылуына ықпал етеді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар