Түркістан қаласының мәдени өмірінде айтулы орын алатын, көпшілікке танымал «Конгресс Холл» көпсалалы кешені өзінің бес жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өтті. «Белесті 5 жыл» атты айшықты атаумен өткен концерттік бағдарлама көрермендерді таң қалдырып, рухани байлыққа кенде етті.
2020 жылдың 28 қыркүйегінде есігін айқара ашқан «Конгресс Холл» кешені қысқа мерзім ішінде республикалық және халықаралық деңгейдегі жүздеген мәдени іс-шаралардың тұрақты өткізу орнына айналды. Бұл кешен тек ғимарат қана емес, Түркістан қаласының руханиятын дамытуға елеулі үлес қосып, бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған кәсіби өнерпаздар, мемлекеттік марапат иегерлері мен өз саласының үздік мамандары қызмет атқаратын мәдени орталыққа айналды.
Мерекелік кештің шымылдығын «Конгресс Холлдың» талантты шығармашылық ұжымдары ашты. «JANA LEP» труппасының заманауи қойылымдары, «ALQONYR» фольклорлық ансамблінің ұлттық нақыштағы әуендері, «SAMGAU» би ансамблінің жалынды билері мен «КЕРУЕН» балалар би тобының шашуы көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Кештің көркін қыздырған ерекше сәт – «Құрмет» орденінің иегері, белгілі дирижер Еркін Нұрымбетовтің өнері болды. Оның шеберлігі мен музыкаға деген терең түсінігі кештің мәдени деңгейін арттыра түсті.

Салтанатты шараға Түркістан облысы әкімінің аппарат басшысы Еркебұлан Дауылбаев, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Темірболатұлы, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, сондай-ақ қалалық басқармалар мен мекемелердің өкілдері және мәдениет саласының ардагерлері қатысып, кешеннің жетістіктерін атап өтті.
Бес жыл ішінде «Конгресс Холл» өңірдегі мәдени, қоғамдық және іскерлік шаралардың негізгі орталығына айналғаны сөзсіз. Осы кезеңде мұнда мыңдаған көрерменге қызмет көрсетіліп, көптеген концерттер, форумдар, ресми кездесулер өтті. Мерейтой барысында кешеннің дамуына үлес қосқан қызметкерлерге қала әкімі мен ұйым өкілдері тарапынан арнайы алғыс білдіріліп, ықылас гүлдері табысталды.
