ӨЗБЕК ИНВЕСТОРЛАРЫМЕН МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ

0
14

Сәуір айының соңғы күндері Ташкент қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы жобасы аясында ТМД Экономикалық кеңесінің 105-ші отырысы мен ТМД-ға мүше мемлекеттердің алғашқы «Аймақтар форумы» өтті.

ТМД елдерінің жоғары лауазымды өкілдері бас қосқан Экономикалық кеңестің кезекті отырысына елімізден ТМД Экономикалық кеңесіндегі Тұрақты өкілі Бекетжан Жұмаханов пен Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары А.Зебешев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Т.Қозбеков бастаған делегация құрамында Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов, Шығыс Қазақстан облысы мен Астана қаласы әкімдігі және 50-ге тарта қазақстандық табысты компаниялардың өкілдері қатысты. Форумда Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова баяндама жасады.

Мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстарды күшейтуге бағытталған негізгі құжаттар – әуе қозғалысын ұйымдастырудың ұлттық жүйелерін үйлестіру, халық денсаулығын қорғау, жеңіл өнеркәсіпті дамыту және ауыр машина жасау саласындағы ынтымақтастыққа қатысты тұжырымдамалардың жобалары мақұлданған форум аясында алғаш рет ТМД елдерінің «Аймақтар форумы» өтті. Өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға арналған жаңа жобада сауда-экономикалық, инвестициялық, өндірістік-технологиялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың болашағын талқылады. «BMB Holding» және «Uz Trade» компанияларының басшылығымен екіжақты кездесулер өткізіліп, агроөнеркәсіптік кешен мен жеміс-көкніс өнімдерін жеткізу салаларындағы ынтымақтастықтың мәселелері сөз болды.

Шара соңында Қызылорда облысы әкімдігі мен «Orient Ceramic» ЖШС, «Qazak Oner» ұлттық қауымдастығы мен «Хунарманд» қауымдастығы, сондай-ақ, Жетісай ауданы әкімдігі мен «Samarkand Irrigation System» компаниясы арасында меморандумдарға қол қойылды.