Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында берген «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру» жөніндегі тапсырмасы Кентау қаласында қарқынды жүзеге асырылуда. 2026 жылға арналған бекітілген жоспарға сәйкес, шаһарда 564 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген болса, Кентау қалалық Мансап орталығының мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері бұл бағытта 418 жұмыс орны құрылып, жоспардың 74,1 пайызы орындалды.
Мемлекет басшысының саясаты аясында қолға алынған бұл ауқымды бастамалар тұрғындарды тұрақты табыс көзімен қамтуға және аймақтың экономикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған. Осы орайда, Кентау қаласының әкімдігі жұмыспен қамту шараларын жүйелі түрде ұйымдастырып, кәсіпкерлік пен инвестициялық жобаларға ерекше мән беруде.
Қаланың дамуы мен халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесін тікелей бақылауында ұстап отырған Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов өндірістік сектор мен шағын және орта бизнесті қолдау арқылы жаңа жұмыс орындарын көбейту маңызды екенін атап өтті.
Жалпы алғанда, 2026 жылға арналған «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» шеңберінде Кентау қаласы бойынша барлығы 3369 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Бұл көрсеткіштің ішінде ұлттық және жеке инвестициялық жобалар арқылы — 169, «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» бағдарламасы бойынша — 564, жұмыспен қамтудың белсенді шаралары арқылы — 789, қайтарымсыз гранттар есебінен 62 және еңбек нарығындағы бос жұмыс орындары арқылы 1785 адамды жұмысқа орналастыру көзделіп отыр.
Қаладағы мұндай кешенді жұмыстар еңбекке қабілетті азаматтардың әлеуметтік жағдайын түзеп, өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге өз септігін тигізбек.
