26/11/2024

ТҮРКІСТАН: ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МӘСЕЛЕЛЕРІНЕ ҚАТЫСТЫ CALL-ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Түркістан облысында тәулік бойы жұмыс істейтін бірыңғай медициналық-ақпараттық Call-орталық іске қосылды. Сall-орталық денсаулық сақтау саласындағы сапаны жақсарту үшін Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасы жанынан құрылды. Оған өңірдегі кез келген тұрғын 1305 қысқа нөмірін теру арқылы хабарласа алады. Ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Сабитов, Түркістан облысы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов қатысты.
Сall-орталықтың негізгі міндеті – облыстық медициналық қызметтердің жұмысын үйлестіруді жақсарту, азаматтардың барлық өтініштерін уақтылы бақылау, сондай — ақ ақпараттық-талдау орталығын құру, тұрғындарға сапалы қызмет көрсету. Бұл – «Бір терезе» қағидаты бойынша денсаулық сақтау мәселелерінде қала мен облыс тұрғындарына қызмет көрсетуге арналған бірыңғай медициналық Call-орталықтың мамандандырылған бағдарламасы.
Тұрғындар Call-орталыққа қоңырау шалып, белгілі бір медициналық мекеменің немесе нақты маманның жұмысы туралы шағым жасап, денсаулық сақтау саласында кәсіби жауаптар ала алады. Call-орталыққа келіп түскен шағымдар шұғыл түрде қаралып, операторлардың қызмет көрсету сапасын бақылау жөніндегі бас дәрігерлердің орынбасарларымен тікелей байланысы арқылы пысықталатын болады. Орталықта 12 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 10 оператор елге қызмет етеді. Олардың бәрі – медицина саласының өкілдері.
Шағымдар негізінде тоқсан сайын облыстың медициналық ұйымдарының рейтингтері жасалады. Бұл бағдарлама халыққа қызмет көрсету саласындағы медициналық мекемелер жұмысының сапасын, жеделдігін және айқындығын арттыруға мүмкіндік береді.
1305 нөміріне Түркістан облысы бойынша ұялы телефондардан (барлық ұялы байланыс операторлары) қоңырау шалу-тегін. Сонымен бірге WhatsApp арқылы 87711031313 нөмірі бойынша хабарлама қалдыра аласыз немесе 1305.kz@mail.ru электрондық почтасына хат жазуға мүмкіндік бар. Бұл орталық медицина мекемелері мен халық арасындағы байланысты жақсартып, қызмет сапасын арттырады деп жоспарланып отыр.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар