Дәл қазір баспана бағасы «ұшып» тұр. Krisha.kz сайтынан не оның қосымшасынан қараңызшы, Шымкенттен 15 миллион теңгеге 1 бөлмелі пәтер тапсаңыз, бөркіңізді аспанға ата беріңіз. Бір қызығы, осыдан 40-50 жыл бұрын салынған үйдің де, осыдан төрт-бес жыл бұрын пайдалануға берілген үйдің де бағасы шамалас. Бір бөлмелі пәтердің ең арзаны – 17-18 млн. теңге. Ал, жеке инвесторлар салып жатқан тұрғын үй кешендерінде 1 бөлмелі пәтердің құны – кемі 23 млн. теңге.
Түркістан қаласының баспана нарығындағы жағдай да осындай. Аталған сайттан көргеніміздей, «Жаңа қала» шағынауданындағы (жаңа әкімшілік-іскерлік орталық) жуырда ғана берілген пәтерлер сатылымға шығып үлгерген. «Отбасы банк» арқылы «Нұрлы жер» бағдарламасымен әкімдік кезегінде тұрғандарға 6,5-7,5 млн. теңгеге сатылған 1 бөлмелі пәтерлер үшін пәтер иелері 12-16 млн. теңге сұрап тұр. Ал, «Отбасы банкінің» ресми сайтынан қарасаңыз, жаңа әкімшілік-іскерлік орталығындағы инвесторлар салып жатқан тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер құны өте қымбат. Ондағы 1 бөлмелі пәтердің бағасы 22-23 млн. теңге шамасында.
Әкімдіктің кезегінде тұрғандарға төмен пайызбен, құны төмендеу баспана алуға әлі де мүмкіндік бар. Ал, кезекке тұрмағандар не істеуі керек?
Өздеріңізге «ОТБАСЫ банкінің» 2022 жылы баспана алуға арналған бағдарламаларын таныстырып өтейік.
«Нұрлы жер» бағдарламасы
«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 5 проценттік ипотека алуға болады. Ол «Отбасы банк» арқылы рәсімделеді. Бірақ осы бағдарламаға тек әкімдіктің баспана кезегінде тұрғандар және әлеуметтік осал топтарға (көпбалалы отбасы, мүгедектер, жетім балалар, мүгедек баласы бар отбасы және т.б.) кіретін адамдар ғана қатыса алады. Ипотека шарттары:
Кредит мөлшерлемесі – 5%;
Баспапқы жарна – 20%.
Бұл бағдарлама арқылы пәтер дайын күйінде беріледі. Оны таңдау мүмкіндігі де бар. Сондай-ақ, бағдарламаға қатысушылар үшін салық жеңілдігі қарастырылған. Ай сайын ипотеканы өтеу үшін төленетін сома мөлшерінде жалақыдан табыс салығы ұсталмайды. Ол үшін жұмыстың бухгалтериясына тиісті құжаттарды тапсыру қажет.
(Жалғасы бар).
Narkesken.kz