2023 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанның 50 жастан асқан жұмыссыз тұрғындары «Күміс дәуір» жобасына қатыса алады. Бұл оларды жұмысқа орналастыру және зейнетақы жарнасын аудару мәселесін шешуге мүмкіндік береді, деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, бүгінде елімізде еңбекке қабілетті жастағы 325 мыңнан астам әйел жұмыс істемейді, яғни олардың табысы жоқ және зейнетақы жинағы да жоқ. Тиісінше, олар жоғары зейнетақыға иек арта алмайды. Бұл түйткіл «Күміс дәуір» жобасының мүмкіндіктері арқылы шешілмек.
Еске салсақ, бұл зейнет жасындағы азаматтарды жұмысқа орналастыруға көмектесетін жоба. Мәселен әйелдерге жеке көмекші, әлеуметтік қызметкер, әлеуметтік жұмыс жөніндегі кеңесші, жас жұмысшыларға тәлімгер секілді жұмыстар ұсынылады. Сонымен қатар егер қазір «Күміс ғасыр» жобасына тек 59 жастан асқан адамдар ғана қатыса алатын болса, 2023 жылдың қаңтарынан бастап рұқсат етілген төменгі жас шегі қысқарады.
Енді бұл жобаға 50 жастан асқан әйелдерде иек арта алады. Аталған жобаға қатысудың пайдасы зор екені анық. Біріншіден, дәл қазіргі уақытта табысы жоқ әйелдер еңбекпен қамтылады. Екіншіден, жобаға қатысу мерзімі еңбек өтіліне есептеліп, мемлекеттік субсидия көлемі 30 АЕК немесе 100 мың теңгені құрайды. Сәйкесінше, бұл қатысушы әйелдердің материалдық жағдайына ғана емес, болашақтағы базалық және жинақталатын зейнетақы мөлшеріне де қолайлы әсер етеді.
«Күміс ғасыр» жобасына қатысу мерзімі келесі жылдан бастап үш жылды құрап, бюджеттен субсидияланатын жалақы бірінші жылы – 70%-ды, екінші жылы – 65%-ды және үшінші жылы – 60%-ды межелейді. Анықтама үшін: «Күміс ғасыр» жобасының мақсаты – зейнет жасына дейінгі жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту.
Бастама 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық кәсіпкерлікті дамыту жобасы аясында жүзеге асырылуда. Осылайша, жұмыс берушілер мен қызметкерлерге бірқатар талап қойылады. Мәселен жобаға бір жылдан астам жұмыс істейтін меншік нысанындағы барлық кәсіпорын мен ұйым қатыса алады. Олар сондай-ақ салықтық және басқа да әлеуметтік аударымдарды тұрақты түрде төлеуі керек және жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі болмауы тиіс. «Күміс ғасыр» жобасы аясындағы жұмыс орындары тұрақты жұмыс орындары мен олар бойынша бос орындардан тыс құрылуы қажет. Сонымен қатар мұндай жұмыс орындарын ұлттық қызметтер жіктегішіне сай біліктілігі төмен жұмысшылардың тоғызыншы тобына жататын мамандықтар бойынша еңбек жағдайы ауыр немесе зиянды және қауіпті саналатын жұмыстар бойынша құруға болмайтыны маңызды.
Жобаға қатысушының жалақысынан заңда белгіленген салық пен міндетті әлеуметтік аударымдар жасалатын болады. Сондай-ақ пайдаланылмаған демалыс үшін өтемақы төлеу қарастырылған. Жобаға қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші зейнет жасына дейінгі адамды зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмысқа орналастыруға міндетті.
Narkesken.kz