Цифрландыру Шымкенттегі қоқыс тазалау саласына да жетті. Қоқыс алаңдарының жай-күйі мен қалдықтардың шығарылуын заманауи технологиялар бақылай бастады. Қалада қоқыс толып қала беретін жәшіктердің маңына QR-код қойылып жатыр. Бұл әзірге пилоттық жоба. Егер мұның тұрғындардың мәселесін шешуге көмегі тисе, QR-кодты барлық жерге қою жоспарланған.
Осындай QR-код Шымкенттегі Желтоқсан көшесі, 88 мекенжайындағы қоқыс алаңына қойылған. оған телефонды жақындатсақ, 109 бірыңғай байланыс орталығының WhatsApp мессенджері ашылады.
Хабарламада бірден мекенжайы жазылған жазба пайда болады. Шағым ретінде 109 номеріне сол смс-ті жіберсек жеткілікті. шағым бойынша тапсырма бірден жауаптыларға жүктеледі.
Пилоттық жоба аясында қоқыс жәшігінің қасына камералар да қойылып жатыр. Мамандар бұл өрт қаупінің алтын алуға септігін тигізетінін айтады.
Айта кетейік, «Цифрлы контейнер»жобасы – тұрғындардың да қала тазалығы жұмыстарына белсенді қатысуына мүмкіндік беретін ашық әрі тиімді тәсілге айналып отыр. Мәселен, жарты жыл ішінде жүйе 52 мәрте алаңшаның толуын, 164 заңсыз автокөлік тұрақтауын және 1 өрт фактісін тіркеді.
QR-код тақтайшалары, сонымен қатар, Мангелдин және Измир көшелеріндегі қоқыс алаңдарына да орнатылып, «109» байланыс орталығына тұрғындардан 21 өтініш келіп түскен.
Шымкент қалалық Цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов бұл жоба заңсыз құрылыс заттарын тастаушылармен күресуде жақсы көмекші дейді.
«Бұл жерде пилоттық жоба екі сегментке бөлінген. Біріншісі, қоқыс жәшігінің толып кетуін қадағалау, одан кейін ол жерде болатын өрттерді хабарлап отырады. Өздеріңіз де білесіздер, көпқабатты үйлердің айналасында қоқыс жәшіктері тез толып кетеді. Бұған жеке сектордан адамдар келіп, өздерінің қоқыстарын немесе басқа да құрылыс қалдықтарын тастап кетуі себеп болып жатады. Ондай жағдайды болдырмас үшін жаңа жоба бойынша жұмыс істеуді қолға алдық», — дейді Цифрландыру басқармасының басшысы.
Мамандардың айтуынша, бейнекамералар қою мәселені тез шешу үшін мекеме қызметкерлерін дер кезінде жіберіп отыруға мүмкіндік береді.
«Цифрлы контейнер» пилоттық жобасы Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің «Ақылды қалалар» (Smart city) тұжырымдамасында белгіленген көрсеткіштерге сәйкес іске асырылуда.
Мегаполистегі қоқыс алаңдарын күн сайын аралап, әр контейнер алаңына қарау — үлкен жұмыс. «109» сервисіне түскен шағымдарды тексеру де уақытты қажет етеді. Бірақ бүгінгі ақпараттық технология дамыған кезеңде мұның шешімін цифрландыру арқылы осылай шешуге мүмкіндік мол.
