Әділет органдары саласындағы цифрлық трансформация бағытындағы тағы бір маңызды қадам Қазақстанда берілген құжаттарға апостиль қою жөніндегі онлайн-қызметті енгізу болды. Шымкент қалалық Әділет департаментінің басшысы Айнұр Исабекова Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Е-Апостиль» ақпараттық жүйесі туралы түсіндіріп өтті.
Департамент басшысының айтуынша, енді апостильді «eGov» порталы арқылы алуға болады.
– Бұл, әсіресе, шетелде қазақстандық құжаттарды – АХАЖ анықтамалары, нотариаттық актілер немесе Мемлекеттік органдардың құжаттары болсын пайдалануды жоспарлап отырғандар үшін ыңғайлы. Апостиль – құжатқа қол қойған тұлғаның қолының және оның өкілеттіктерін растайтын, сондай-ақ, осы құжатта бекітілген мөрдің немесе мөртабанның түпнұсқалылығын қағаз түрінде немесе электрондық нысанда куәландыратын арнайы мөртаңба, – деп атап өтті Айнұр Исабекова.
«Е-Апостиль» ақпараттық жүйесі – құжаттарды тіркеуге және апостиль «мөртаңбасын» электрондық түрде беруге арналған, апостиль қойылған құжаттардың орталықтандырылған есебі мен бірыңғай мұрағатын қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе.Бұл ақпараттық жүйе арқылы электрондық нысанда қызмет алу үшін тұлға электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдана отырып, портал арқылы өтініш береді.
Апостиль қою үшін ұсынылған құжат сканерленген құжаттың түпнұсқасын сканерлеу (PDF файылында) арқылы жүзеге асырылады. (ксерокөшірмелерден сканерлеуге жол берілмейді).
Электрондық апостиль қою үшін ұсынылатын сканерленген құжат түпнұсқаға дәлме-дәл сәйкес келуі тиіс, түзетулерге немесе мәтінді шимайлауға жол берілмейді.
– Қызметті беруші ресми құжаттағы лауазымды адамның қойған қолы мен мемлекеттік органның мөр бедерінің қолда бар үлгілерге сәйкестігін, сондай-ақ ресми құжатқа қол қойған лауазымды адамның ресми құжатқа қол қоюға өкілеттіктерінің болуын тексереді. Одан әрі ұсынылған құжаттарға жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша қызметті беруші мемлекеттік қызмет көрсету немесе одан бас тарту туралы шешім қабылдайды. Өтінішті және қажетті құжаттарды портал арқылы тапсырған кезде өтініш келіп түскен сәттен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде оның «жеке кабинетіне» мемлекеттік қызметті көрсетуге сұрау салуды қабылдау туралы мәртебе жіберіледі, – деді департамент басшысы.
