TASHENEV UNIVERSITY мен ASTANA HUB КҮШ БІРІКТІРЕМЕК

2025 жылғы 2–4 қазан аралығында Астанада өткен халықаралық Digital Bridge-2025 форумында Tashenev University мен Astana Hub  арасында білім, ғылым және цифрлық технологиялар саласына қатысты  төрт меморандумға қол қойылды.

Келісімнің мақсаты-стартаптарды, IT-жобаларды және ғылыми бастамаларды дамытатын студенттерді, жас зерттеушілер мен оқытушыларды қолдау үшін күш біріктіру. Серіктестік акселерациялық бағдарламалар, бірлескен ғылыми зерттеулер, білім берудің цифрлық трансформациясы, тәжірибе алмасу және тағылымдамадан өтуді ұйымдастыру сияқты бағыттарды қамтиды.

Форумға университет атынан  вице-ректор Жанар Рысбекова, аппарат басшысы Камилла Сугирбекова, IT және жаратылыстану ғылымдары факультет деканы Даулет Душабаев пен Жасанды интеллект орталығының басшысы Арыстан Садуақас қатысты.

Келісім шеңберінде тараптар бірлескен конференциялар, ғылыми форумдар, шеберлік сыныптарын өткізуді, сондай-ақ білім беруге цифрлық шешімдерді енгізу бойынша пилоттық жобаларды іске қосуды жоспарлап отыр. Студенттердің кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға және венчурлік қорлармен өзара іс-қимылға ерекше назар аударылатын болады.

«Astana Hub үшін бұл меморандумға қол қою ғана емес, бұл болашақ инноваторларға салынған инвестиция. Біз студенттердің университетте нақты мүмкіндіктерге қол жеткізгенін қалаймыз: Стартапты іске қосу, акселерациядан өту, инвестиция тарту. Бұл серіктестік Қазақстанда технологиялық кәсіпкерліктің толыққанды экожүйесін қалыптастырудың тағы бір қадамы», — деп атап өтті Astana Hub басқарушы директоры Валерия Те.

Форум аясында ерекше қызығушылық тудырған жобалардың бірі — AI Sana ұлттық бастамасы. Бұл экожүйе студенттерді жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларына үйретуді, AI-агенттер мен бұлтты шешімдерді енгізуді, AI Sana Talks және акселерациялық жобаларды дамытуды көздейді.

Айта кетейік, Digital Bridge-2025  форумы — білім берудің болашағы мен цифрлық трансформация тақырыбындағы басты халықаралық алаң. Биылғы басқосудың негізгі бағыты — BigTech пен жасанды интеллект дәуіріндегі университеттердің рөлі, академиялық адалдық, адам капиталының дамуы және педагогтарды цифрлық өзгерістерге бейімдеу болды.

«Digital Bridge — бұл технология ғана емес, білім мен адами капитал сапасын арттыру алаңы. Форум нәтижесінде жасалған серіктестіктер студенттерімізге халықаралық жобаларға қатысып, тәжірибесін кеңейтуге мүмкіндік береді»,— деді Tashenev University вице-ректоры Жанар Рысбекова.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар