Түркістанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша өңірлік комиссияның кезекті отырысы өтті. Комиссия қарауына бүгінге дейін толық ақтауға ұсынылатындар ретінде қылмыстық жауапкершілікке тартылған 2085 адам, Сырдария округі бойынша мал-мүлкі тәркіленген 3090 бай-кулак, Бостандық көтерілісіне қатысқан 32 адамның тізімі ұсынылған. Бұл тізім облыстық архивтегі ашық және жабық қор құжаттары негізінде жасалған. Комиссия отырысына облыстағы белгілі тарихшылар мен ғалымдар, архив қызметкерлері, тиісті сала жетекшілері және бірқатар БАҚ басшылары қатысты.
Келелі басқосуда сөз алған Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, оның маңыздылығын атап өтті.
Аталған комиссия құрамы Түркістан облыстық мәслихатының 2021 жылғы 4 ақпандағы шешімімен бекітіліп, сәйкесінше, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша жұмысшы топ құрылған болатын.
Кездесуде белгілі болғандай, биыл саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның міндеттерін іске асыруға қажетті басқа да шығыстарға жергілікті бюджеттен 45 млн. теңге қаралып, қазіргі таңда заңға сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Өңірлік комиссияның баспа қызметінің жоспарына сәйкес, құжаттар мен мақалалар жинағы, монография, архивтік құжаттар жинағы жылдың соңына дейін жарыққа шығады деп жоспарланған. Осыған байланысты, бүгінгі комиссия отырысына жұмысшы топтың зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жинақталған 6 жинақ, 1 тізім және 1 монографияны баспаға шығаруға ұсыныс жасалды.
Narkesken.kz