26/11/2024

ШЫМКЕНТТІҢ СЫРТҚЫ САУДА АЙНАЛЫМЫ 2 ЖЫЛДА 2,6 МЛРД. АҚШ ДОЛЛАРЫНАН АСТЫ

Шымкент қаласының сыртқы сауда айналымы 2 жылдың (2021-2022 жылдар) қорытындысы бойынша 2 млрд. 603,8 миллион АҚШ долларын құрады. Бұған дейін (2019-2021 жылдары) көрсеткіш 1 миллиард 924,8 миллион АҚШ долларын құраған болатын. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасынан хабарлады.
Басқарманың мәліметіне сүйенсек, өткен екі жылда экспорт көлемі 864 миллион АҚШ долларын құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда 14,8 пайызға өскен. Ал, импорт 1 миллиард 739,7 миллион АҚШ долларына жетіп, 12,9 пайызға өсіпті.
Жалпы, бүгінгі таңда қаланың өңдеу өнеркәсібі секторында 54 кәсіпорын өз өнімдерін тұрақты түрде экспортқа шығарып келеді. Экспортталған өнімдердің басым бөлігі Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Түркия, Қытай елдеріне жөнелтілген.
Экспортқа бағдарланған жергілікті тауар өндірушілерге қолдау көрсету, өнімдерін экспортқа жылжыту мақсатында басқарма тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, 2022 жылдың сәуірінде «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» акционерлік қоғамы және «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамымен бірлесе отырып экспорт жөніндегі өңірлік кеңес өткен. Кеңес барысында қала экспортын дамытуға тосқауыл болатын кедергілер мен шектеулерді жою мәселесі қаралған. Экспорттаушы кәсіпорындар үшін мемлекеттік қолдау шаралары туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліпті.
Нәтижесінде «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-ы шымкенттік 19 компанияның 32 өтінімін мақұлдаған. Отандық өңделген тауарларды сыртқы нарықтарға жеткізу шығындарының бір бөлігін өтеуге 559,6 миллион теңге субсидия берілген. Мемлекеттік қолдауға ие болғандардың арасында «Бал Текстиль», «Шымкентмай», «Asia Trafo», «Стандарт Цемент» секілді танымал компаниялар бар.
Ал, «Kazakh Export» экспорттық сақтандыру компаниясы» шымкенттік 3 компанияның 5,4 млрд. теңгелік 4 өтінімін мақұлдаған. Олар: «Шымкентмай» акционерлік қоғамы мен «AIIG KAZAKHSTAN», «Sweet ldeas-KZ» серіктестіктері.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар