ШЫМКЕНТ ӘКІМІ ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫМЕН БІРГЕ АҒАШ ОТЫРҒЫЗУ АКЦИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ

Шымкент қаласында экологиялық мәдениетті арттыруға және табиғатқа ұқыпты көзқарасты қалыптастыруға бағытталған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы белсенді түрде жалғасуда. Бұл бастама қала тұрғындарының қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырып, қаланың жасыл аймақтарын кеңейтуге зор үлес қосуда.

Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жергілікті тұрғындармен бірге «Астана» шағын ауданында көшет отырғызу жұмысына қатысты. Бұл іс-шара қаланың жасыл белдеуін нығайтуға және тұрғындар үшін жайлы, әсем орта қалыптастыруға бағытталған. Егілген ағаштар қаланың көгалдандыру жүйесін толықтырып қана қоймай, тұрғындар мен қала қонақтары үшін таза ауамен тыныстауға және демалуға қолайлы жағдай жасайды.

Іс-шара барысында мегаполис басшысы мұндай игі бастамалардың маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Ағаш отырғызу – бұл болашақ ұрпаққа жасалған қамқорлық. Мұндай шаралар қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттырып қана қоймай, қоғамның бірлігін нығайтады. Әрбір тұрғын өз қаласының тазалығы мен әсем келбетіне үлес қосуы тиіс», – деді Ғабит Сыздықбеков. Оның айтуынша, әрбір азаматтың белсенді қатысуымен ғана қаламызды жасыл әрі таза етуге қол жеткізуге болады.

Сондай-ақ, күзгі көгалдандыру маусымы аясында Шымкент қаласының орталық көшелерінде, саябақтар мен гүлзарларда, сондай-ақ аулаларда ағаш отырғызу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл шаралар қаланың жасыл инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Жаңадан отырғызылған ағаштар қаланың экологиялық жағдайын жақсартып, жаз айларында қаланың ыстық лебінен қорғап, көлеңкелі орындармен қамтамасыз етеді.

«Таза Қазақстан» акциясының жалғасуы – бұл тек қаланың сыртқы келбетін жақсарту ғана емес, сонымен қатар әрбір азаматтың экологиялық сана-сезімін оятуға бағытталған маңызды қадам. Бұл бастаманы қолдау арқылы біз өзіміздің және болашақ ұрпақтың денсаулығы мен жайлы өміріне үлес қосамыз.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар