Су тасқыны кезеңі басталғаннан бері Түркістан, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ұлытау, Абай, Ақмола облыстарында 4 694 адам, оның ішінде 1 682 бала эвакуацияланды. Бұл ретте тартылған әуе кемелерімен 447 адам, оның ішінде 180 бала эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚР ТЖМ.
ТЖМ және әкімдіктердің күшімен 2,3 млн м3 астам еріген су сорылды, 162 мыңнан астам қапшық және 31 587 тонна инертті материал төселді.
Авариялық-құтқару жұмыстарына 6349 адам, 2192 бірлік техника, 689 бірлік су айдау құралы және 55 бірлік жүзу құралы, ТЖМ, Қорғаныс министрлігі, ІІМ, ҰҚК, ҰҰ, жергілікті атқарушы органдардың 12 әуе кемесі жұмылдырылды.
«Жедел желі» телефондарына 392 қоңырау келіп түсті, еліміздің 12 өңірінде республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істейді.
Еліміздің 7 өңірінде 435 жеке тұрғын үй мен 329 аула аумағы, сондай-ақ Ақтөбе облысында 75 саяжай үйі мен 9 ғимарат, көп қабатты тұрғын үйлердің 12 ауласы, Ақмола облысында балабақша мен ТЖ ауруханасы су астында қалып отыр.
Бақылауда 18 автожолды су шайды, оның ішінде 4 көпір және 14 жол төсемі бар. 26 елді мекенде көлік қатынасы жоқ.