Шымкентте жастар көп жиналатын орындарға барып мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Бұл жолы Жастар ресурстық орталығының мамандары «Қырғы базарға» барып, жұмыссыз жүрген жастарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Расы керек, қарапайым тұрғындардың көбі, оның ішінде жастар да бар, елімізде жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен олардың қандай көмек көрсетуге арналғанын білмейді немесе түсінбейді. Бұған көп жағдайда ақпараттың жеткіліксіздігі, сол бағдарламалардың түсініксіз ауыр тілде жазылуы себеп болуы мүмкін. Бағдарламаларға қалай қатысуға болатыны, қажетті құжаттар мен талаптар туралы ақпараттың түсінікті әрі қолжетімді болмауы да мәселені күрделендіреді. Ал, кейбір азаматтар мемлекеттік бағдарламаларға сенімсіздікпен қарайды немесе олардан пайда көре алмайды деп ойлайды.
Сондықтан мемлекеттік бағдарламалардың халыққа тиімді жетуі үшін ақпараттық науқандарды күшейту, азаматтармен тығыз байланыс орнату және қарапайым, түсінікті тілмен ақпарат тарату өте маңызды.
Жастар ресурстық орталығының мамандары жастарға «Жастар практикасы», «Алғашқы бос жұмыс орны» мен жас кәсіпкерлерді қолдау бағдарламаларын түсіндірді. Қолында дипломы бола тұра, жұмыс таппай, базардан нәпақасын айырып жүрген жастар бұл ақпараттардың өздеріне пайдалы болғанын айтты. Сондай-ақ мамандар дипломсыз жастардың да мемлекеттік бағдарламаларға қатысу арқылы ірі кәсіпорындарға жұмысқа тұруына, тұрақты жалақысы бар жұмыстарға орналасуға мүмкіндіктері бар екенін түсіндірді.