Шымкентте мемлекеттік қолдаудың игілігін көріп, жеке кәсіппен айналысып отырған көпбалалы аналар саны артқан. Солардың бірі – Динара Бабақулова. Ол өткен жылы қайтарымсыз грант алып, қазір өз кәсібін дөңгелетіп отыр.
Динара – көп балалы ана. Ол бүгінде құс шаруашылығымен айналысуда. Грант қаржысына инкубатор сатып алған. Инкубаторда асыл тұқымды бройлер балапандарын бастырып шығарып, балапан сатып, қалғанын өсіріп, етін сатылымға шығарады.
Бұл грант оған өз ісін бастауға және отбасын қамтамасыз етуге үлкен мүмкіндік берген. Көп балалы ана бұл істі бастау арқылы ауыл тұрғындарына қосымша жұмыс орындарын ашуға және отбасылық бюджетті жақсартуға септігін тигізуде.
– 70 жұмыртқаға арналған инкубаторым болған. Тәжірибе жинаған соң ауқымын кеңейтуді көздеп, қайтарымсыз грантқа өтініш бердім. Бизнес-жобамды комиссия алдында сәтті қорғап, грантқа ие болдым. Ол қаржыға сыйымдылығы 2200 жұмыртқаға арналған инкубатор сатып алдық. 21 күннен кейін жаңа құрылғыға салынған жұмыртқадан алғашқы балапандар жарып шықты. Жартысын балапан күйінде сатып, қалғанын бірер ай көлемінде бағып, сатылымға шығарып отырмын, — дейді Динара Мэлсқызы.
Іскер әйел жұмыртқа жарып шыққан күннен бастап, салмақ жинағанша ветеринарлармен кеңесіп, балапандарға қажетті екпе, дәрумендерін салдырып отырады.
Айтуынша, бройлерлер генетикалық тұрғыдан тез салмақ қосуға бейім. Ет үшін өсірілген бройлерлер 42-60 күннен кейін сою салмағына жетеді. Оларды ұзағырақ ұстау экономикалық тұрғыдан тиімсіз, өйткені салмақ айтарлықтай төмендейді және жем шығындары жоғары болып қалады. Еті жұмсақ әрі дәмді болғандықтан, сұраныс жоғары.
Алдағы уақытта шаруашылықты кеңейтіп, мемлекеттік қолдаулар аясында ауқымды құс фермасын ашқысы келеді.
Мегаполис аумағына қосылған ауылда тұратын көп балалы ана өзі пайда тауып қана қоймай, елімізде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлес қосып отыр.
Мемлекет тарапынан берілетін осындай гранттар кәсіпкерлерге қолдау болып, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді.
Биыл Шымкентте 428 адамға қайтарымсыз грант берілді.