26/11/2024

«ЖАҢА ЖҮЙЕНІҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ КӨП»

дейді  Шымкент қаласы Еңбекші аудандық Мансап орталығының басшысы Сабыржан ҚАРАБАЙҰЛЫ

 

Өткен жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанның облыс орталықтары мен мегаполистерінде Еңбек мобильділігі орталықтары құрылып, ал жұмыс істеп тұрған халықты жұмыспен қамту орталықтары Мансап орталықтары болып қайта құрылған болатын. Жаңа жүйенің артықшылығы неде? Бұл туралы Шымкент қаласының Еңбекші аудандық Мансап орталығының басшысы Сабыржан ҚАРАБАЙҰЛЫ айтып береді.  

Жұмыспен қамту саласына жаңа жүйенің енгізілгеніне бір жылдан асты. Жаңа жүйенің бұрынғысынан қандай артықшылығы бар?

– Жұмыспен қамту орталығының атауы өзгергенмен, бағыты, мақсаты, ұстанымы өзгерген жоқ. Мансап орталығының басты мақсаты – бұрынғыша жұмыссыздық бойынша ресми тіркелген азаматтарды жұмысқа орналастыру.

Еңбек мобильді орталығы мен оған қарасты Мансап орталықтары жұмыс күшіне сұ­ра­­ныс пен ұсынысты талдау, бол­­жау негізінде Шымкент қаласындағы еңбек ресурстарының тең­герімін қамта­масыз етумен айналысамыз. Қаладағы жұ­мыс­пен қамту карталарын әзірлеп, олар­ды жергілікті жерлерде іске асы­руды үйлестіреміз.

Сонымен қатар, жұмыс­пен қам­тудың барлық мемлекеттік бағ­дарламалар мен жеке бастамалар шең­­берін­де ашылатын жұ­мыс орындарының құрылуына мони­торинг жасаймыз, жұмыспен қам­тамасыз ету мақсатында азаматтардың ерікті кө­­ші-қонына жәрдемдесеміз және аза­мат­­тарды көшіру бағдарламала­рын үйлестіреміз.

Жұ­мыс іздеуші ретінде жү­гінген және жұ­мыссыз адамдарды тіркейміз,  ха­лық­ты, жергілікті атқарушы орган­дар­­­­ды және уәкілетті мемлекеттік ор­­ган­ды Шымкент қаласындағы еңбек нарығы­ның жай-күйі туралы хабардар етіп отырамыз.

Осы орайда Еңбекші аудандық Мансап орталығында төрт бөлім жұмыс істейді. Бірі атаулы әлеуметтік көмек тағайындау бойынша жұмыс жүргізсе, екіншісі жұмыссыз азаматтарды түрлі кәсіби оқыту курстарына жіберу, осы бағытта кеңес берумен айналысады. Үшінші топ өңіраралық көші-қон мәселесімен, төртінші топ Еңбекші ауданына қарасты барлық кәсіпорындар мен шағын, орта бизнес нысандармен байланыс орнатып, бос жұмыс орындары туралы мәлімет жинап, жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша жұмыс атқарады.

Еңбекші ауданы бойынша қанша жұмыссыз азамат тіркелген, биылғы 10 айға жуық мерзімде қаншасы жұмыспен қамтылды?

– Азаматтардың мекенжайлары ауысып тұруына байланысты мәліметтер күнделікті өзгеріп отырады. Нақты мәлімет Еңбек мобильділігі орталығында жинақталады. Ал, Мансап орталықтары өз аумақтарындағы кәсіпорындар, бизнес нысандармен жұмыс жүргізіп, бос жұмыс орындары туралы мәлімет жинақтап, тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар туралы түсіндіреміз. Әлеуметтік желі, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.

Еңбекші ауданының аумағында үлкенді-кішілі 38 кәсіпорын бар, Мансап орталығы осы кәсіпорындармен меморандумға қол қойып, тығыз байланыста жұмыс істейміз. Біздің орталықтың мамандары күнделікті осы нысандарда қандай бос жұмыс орындары бар, ол кәсіпорындарға қандай кадрлар керек екенін сұрастырып, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарды сол жерге жұмысқа жібереді.

Мәселен, жақында «Жұлдыз» индустриалды аймағында Қытайдың «WAN SHENG CERAMIC» компаниясы инвестициялық құны 25,5 млрд теңгені құрайтын керамикалық плиталар шығаратын зауытты іске қосты. 32 гектар аумаққа орналасқан кәсіпорында 350 жұмыс орны ашылды.

Еңбекші аудандық Мансап орталығы сол заводпен қосымша жұмыс істеп жатырмыз. Оларға керек кадрларды орталық арқылы жіберіп отырамыз.

Елімізде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы қолға алынған. Бұл жоба ел тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру ортасын құруға негізделген.

Бірнеше министрлік біріге дайындаған жобаның негізгі мақсаты – әрбір өңірдің даму көрсеткішін, экономикасын ілгерілетіп, мемлекет басшысы ұстанған «тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын құру» саясатын іске асыру.

Халықты жұмыспен қамту саласында біз де осы ұлттық жобаны негізге ала отырып, жұмысқа орналасқан азаматтарға да, кәсіпорынға да барынша ыңғайлы болатын әрекет жасауға тырыстық.

Жаңадан ашылған керамика зауыты қаланың сыртында орналасқан. Ол жақта бірнеше ауыл бар. Сондықтан Еңбекші аудандық Мансап орталығы былай жасадық: кәсіпорынға жұмысқа алдымен сол маңдағы ауылдардың жұмыссыз азаматтарын тартайық дедік. «Жұлдыз» индустриалды аймағы қаланың шетінде болған соң, ол жаққа Абай, Тұран аудандары азаматтарының жұмысқа қатынауы қиын.

Жаңадан ашылған заводтың басшылары шетелдіктер, олар Enbek.kz платформасмен жұмыс істеу білмеген соң, мамандарымызды сонда бірнеше күнге жібердік. Біздің мамандар керамика заводының кадр бөлімі мамандарын осы порталмен жұмыс істеуге үйретті.

Жалпы, қазір бізде шаруаның бәрі онлайн атқарылады.

Кәсіпорынға жұмыссыз азаматты жұмысқа жібергенде, кадр бөлімі   Мансап орталығының жолдамасын сұрайды. Өзі бірнеше айлап жұмыссыз отырған адамға қаланың шетінде орналасқан зауыттан Мансап орталығына   қайта келі, одан заводқа қайта бару деген үлкен шаруа. Қаншама уақытын жоғалтады. Біз осы шаруаны оңтайландырдық.  Кәсіпорынның кадр бөлімі мамандары Мансап орталығына хабарласады, орталық мамандары жолдаманы 5-10 минутта олардың электронды почтасына жолдайды.

Кадр бөлімі сол жолдама бойынша азаматты жұмысқа қабылдау бойынша бұйрық шығарып, көшірмесін Мансап орталығына жібереді.

Мансап орталығы бұйрықты тіркеп, азаматты жұмыссыздар есебінен шығарады. Кәсіпорын үшін де, тұрғындар үшін де ыңғайлы жағдай.

Өзім Мансап орталығында атқарылып жатқан жұмыстарды онлайн бақылап отырамын. Жұмыс орнымда компьютерден бөлек, планшет те пайдаланамын. Планшет қай жерде жүрсем де жұмыс процесін бақылауға, мобильді жұмыс істеуге ыңғайлы. Жолда жүріп те мекемелерге қоңырау соғып, қандай маман, қанша маман керек екендігін сұрап, нақтылап отырамын.

Дәл қазір Enbek.kz  платформасында Шымкент қаласы бойынша 461 бос жұмыс орны тұр екен. Оның ішінде Еңбекші ауданында қаншасы тиесілі, қай мекемеге қандай маман керек, осыны ашып, бағытын таңдап, азаматтарды жібереміз. Мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс  орындарына, «Бастау Бизнес» курстарына оқыту, қысқа мерзімі кәсіби оқытуға жолдаймыз.

Еңбекші ауданы бойынша қысқа мерзімді кәсіби оқыту курстарына қанша азамат жіберілді?

– Мансап орталығының оқу бөлімі жұмыссыз азаматтарды  кәсібін өзгерту бағындағы курстарға оқыту бойынша кеңес беріп, жолдама ұсынады. Жұмыссыз азаматтар Skills Enbek.kz платформасында жарияланған курстарды тегін не ақылы оқып, сертификат алып, өздеріне ұнаған кәсіппен айналысып, өз орнын табуына мүмкіндіктері бар. Одан өзге «Бастау Бизнес» курсынан өтіп, қайтарымсыз грант алып, кәсіп бастай алады.

Қысқамерзімді кәсіби оқыту курстарынан өтіп, мамандығын өзгерткісі келетіндер үшін де зор мүмкіндік бар. Шымкентте мұндай курстарға оқыту қыркүйек айында басталды,  Еңбекші ауданы бойынша 128 азамат қысқа мерзімді кәсіби оқыту курстарына жолданды.

Осы орайда еңбек нарығын жүйелеу бағытында қолға алынған жаңа жүйенің артықшылықтары өте көп екенін атап өткім келеді. Азаматтар жұмыссыз ретінде тіркелу үшін бұрынғыдай орталыққа келіп әуреге түспейді. Өздері бәрін Enbek.kz  платформасы арқылы бақылап, жұмыс таңдауларына мүмкіндік берілген. Атаулы әлеуметтік көмек алу, курстарға тіркелу бойынша да барлық жұмыстар онлайн атқарылады. Үйінде компьютер болса, egov.kz сайты, ал қолында телефон болса, egov.kz mobail қосымшасы арқылы бар мәселесін шеше алады.

Мәселен, Еңбекші ауданының Мансап орталығының ғимараты Қаратау ауданының Астана шағынауданында орналасқан. Қызметтердің бәрі онлайн атқарылғандықтан, ғимараттың орналасқан мекені тұрғындардың мәселесін шешуде ешқандай кедергі келтірмейді.

– Сабыржан Қарабайұлы, пайдалы сұхбатыңыз үшін  көп рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлжамал МҰСАЕВА

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар