Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады.
«Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі» – деді Президент.
Осы орайда Narkesken сайтының тілшісі шымкенттік еңбеккқор азаматтармен таныстыруды жөн көріп отыр.
Үшінші мегаполисте еңбеккқор отбасы жылыжайда құлпынай өсіріп, кәсібін дөңгелетіп отыр. Отбасы мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, сүйікті ісімен айналысуда. Грант жеңімпазы атанған көпбалалы отбасы бүгінде құлпынай өсіріп, пайдасын көріп келеді. Олардың айтуынша, қазір жемістің бұл түріне сұраныс көп. Алдағы уақытта олар мемлекеттік байқауға қайта қатысып, бизнесті үлкейтуді жоспарлап отыр.
Былтыр Субхидам МОЙДИНОВА мемлекеттен қайтарымсыз грант жеңіп алған соң сол қаржыға өз үйінің ауласындағы екі соттық жерге жылыжай салып, 2000-ға жуық құлпынай көшетін отырғызды. Көпбалалы ана құлпынайдың кабрилло сортынан алғашқы өнімін алып, пайдасын көріп отыр. Оның айтуынша, Шымкент қаласында құлпынайға сұраныс өте жоғары.
«Құлпынай егеміз деп жоспарлап, осы ақшаға керекті заттардың барлығын алдық. Пешін, жабынды клеенкаларын, көшетті бәрін алып, өзіміздің отбасылық бизнесімізді бастадық. Бастапқыда не егеміз деген сұрақ төңірегінде көп ойландық. Сөйтіп нарықта құлпынайға сұраныс өте жоғары екенін анықтаған соң жемістің осы түрін егуді қолға алып отырмыз», – дейді Субхидам Мойдинова.
Кәсіпке бейімделген отбасы жылыжай аумағын үлкейтіп, бизнесті кеңейтуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда басты мақсат – нәзік жеміс түрін қыстың суығынан аман алып қалу. Субхидам Мойдинова жылына үш рет өнім алуды жоспарлауда.
Отағасы Зияуддин Мойдиновтың айтуынша, өнімді мол алу үшін тамшылатып суару әдісін қолданып отыр.
«Кабрилло деген сорты жақсы деген соң, соны алып отырғыздық. Қазір бұйырған өнімді алып жатырмыз. Тамыздың 20-ларында отырғыздық. Жаңа жылға дейін жеткізу мақсатымыз еді, жеткіздік міне. Құдайға шүкір, болып жатыр», – дейді Зияуддин Мойдинов.
2023 жылы Шымкентте «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы шеңберінде әлеуметтік осал топты азаматтарға арналған грант 452 азаматқа берілді. Ал, 2024 жылы қайтарымсыз грантты 428 адам алды. Кәсіп иелері тағам өнеркәсібі, мал шаруашылығы, қызмет көрсету салалары мен қол өнер және тігін тігу саласы бойынша бизнесін жүргізіп жатыр.
Мемлекет басшысы «Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашан да лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек», – деген болатын.
Адал еңбек абыройға бөлейді, табысқа кенелтеді. Жұмыс істеймін деп талаптанған жан ешуақытта елеусіз қалмайды. Бұған Мойдиновтар отбасы мысал.