26/11/2024

ШЫМКЕНТ: ҚОНЫС АУДАРҒАН ҚАНДАСТАРДЫҢ КӨПШІЛІГІ ҚҰРЫЛЫС, САУДА-САТТЫҚПЕН АЙНАЛЫСАДЫ

Осы жылдың 1 қарашасына дейінгі жағдай бойынша 366 отбасы мүшесі, яғни 720  адам «қандас» мәртебесін алды. Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығына  бүгінгі таңға 114 қандас жүгінген. Бұл туралы Narkesken сайтының тілшісіне Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Шымкентте жыл басынан бері 366 отбасы мүшесі, яғни 720  адам «қандас» мәртебесін алып, 45 отбасыға қарасты 51 адам қандас мәртебесін 6 айға ұзартты. Енді олардың жалпы саны 777 адамға жетті.

«Қандас мәртебесін алғандардың 355-і ер және 365-і әйел. Ал 18-ге толмағандардың саны 128-ді құрап отыр. Зейнет жасындағы 87 және еңбекке қабілетті 405 адам бар. Оның ішінде, білім деңгейі бойынша: жоғары білімді 90, орта арнайы білімді – 187; жалпы орта білімді – 120, білімі жоқ – 8 адам қандас мәртебесіне ие болды», — деп мәлім етті баспасөз қызметіндегілер.

Елімізге, соның ішінде Шымкентке ТМД және шетелдерден көшіп келген этникалық қазақтардың басым бөлігі Өзбекстан Республикасынан келгендердің үлесінде.

Қазір Шымкент қаласында Өзбекстаннан қоныс аударған – 706 адам, Қырғызстаннан келген – 1 адам және Ресейден көшіп келген – 6 адам, Түркіменстаннан келген – 2 адам, сондай-ақ Қытайдан келген – 4 адам тұрып жатыр.

Айта кетейік, мегаполиске қоныс аударған қандастардың көпшілігі құрылыс саласында жұмыс істейді, сауда-саттықпен айналысады және басқа да жалдамалы жұмыстармен қамтылған.

Еске салайық, былтыр мыңнан астам адам «қандас» мәртебесін алған болатын. Ол кезде көрші елден 1166 адам көшіп келген. Сондай-ақ Қытайдан – 16, Ресейден – 8, Ауғанстан мен Түркиядан — 2, Қырғызстан мен Тәжікстаннан – 1 адам келген. Соның ішінде 86 қандас Еңбек мобильділігі орталығы тарапынан  жұмыспен қамтылды.

Былтырдан бастап Әлеуметік Кодекс аясында «қандас» мәртебесін берудің жаңа тәсілі енгізілді. Құжаттар еліміздің шет мемлекеттердегі өкілдіктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қабылданатын болады. Этникалық қазақтарға елімізде еңбек етуге және кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік беретін «Ата жолы» картасы жүзеге асырылуда. Карта елге кіру үшін ұзақ мерзімді виза алу құқығымен беріледі.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар