26/11/2024

ШЫМКЕНТТЕ 58 ҚАНДАС ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

Қандастардың экономикалық және әлеуметтік қамсыздандырылуы немесе жұмыспен қамтылу деңгейі, еңбек нарығына қатысуы – көші-қон саласының маңызды мәселелерінің бірі. Жыл басынан бері Шымкент қаласына өзге елден қоныс аударған 114 қандас жүгініп, оның 58-і жұмысқа тұрды. Бұл туралы Narkesken сайтының тілшісі Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Шымкент қаласы әкімдігінің Еңбек мобильділігі орталығы қандастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын жүргізіп келеді.  Қандастарды жұмыспен қамту мәселесі  Пре­зиденттің жіті назарында.

Қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген қандастарға және олардың отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушыларға көзделетін мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады. Қандастар Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең дәрежеде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларымен қамтамасыз етіледі.

Шымкентте 19 қандас тұрақты бос жұмыс орындарына жолдамамен жолданған. Төрт адам «Жастар практикасы», 16 қандасымыз «Алғашқы жұмыс орны»  бағдарламасымен жұмысқа орналасқан. Тағы 4 адам қоғамдық жұмыс орындарына, бір адам «Күміс жас» жобасы бойынша жұмысқа орналасты. Тағы 18 адам «Бастау Бизнес» жобасы аясында  https://business.enbek.kz/kk сайты арқылы оқуға тіркелген.

Қандас мәртебесiн алған адамдар мен олардың отбасы мүшелерiне берілетін жеңілдіктер:

* Қандастарды бейiмдеу және ықпалдастыру орталықтарында тегiн қызмет;

* ҚР денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес медициналық көмек;

* ҚР азаматтарымен тең жағдайда мектептерде және мектепке дейiнгi ұйым орындармен, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын көлемде техникалық және кәсiптiк, орта білімнен кейiнгi және жоғары бiлiм беретiн оқу ұйымдарына оқуға түсуге бөлiнген квотаға сәйкес бiлiм алу мүмкiндiгi;

* ҚР азаматтарымен тең жағдайда әлеуметтiк қорғалу;

* ҚР заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесумен қамтамасыз етiледi.

Айта кетейік, 2024 жылдың 1 қарашасына дейінгі жағдай бойынша, Шымкент қаласында  366 отбасы, 720  адам «қандас» мәртебесін алды, ал 6 айға қандас мәртебесін ұзартқандар саны — 45 отбасынан 51 адамды құрады (барлығы 777 адам). Елімізге, соның ішінде Шымкентке ТМД және шетелдерден көшіп келген этникалық қазақтардың басым бөлігі Өзбекстан Республикасынан келгендердің үлесінде.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар