26/11/2024

ШЫМКЕНТТЕ 113 ШЕТЕЛДІК ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

«Шымкент қаласына  2024 жылға жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін жұмысқа тартуға Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен 150 квота бөлінді», — деп хабарлайды Narkesken сайтының тілшісі  Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 Бөлінген квотаға сәйкес, Шымкент қаласына 1-санат бойынша – 10 адам, 2-санат бойынша – 20 адам, 3-санат бойынша  – 114 адам, 4-санат бойынша – 6 адам қабылдауға рұқсат берілген.

Бірінші санат — басшылар мен олардың орынбасарлары; екінші санат —  құрылымдық бөлімшелердің басшылары, үшінші санат — мамандар), төртінші санат — білікті жұмысшылар.

Шымкентте бүгінде квота негізінде 16 кәсіпорын мен ұйымдарда 113 шетел азаматы жұмыс істеп жүр. Оның ішінде 1-санат бойынша – 8 адам, 2-санат бойынша – 14 адам, 3-санат бойынша – 87 адам, 4-санат бойынша  – 4 адам еңбек етуде.

Тартылып жатқан шетел жұмыс күшінің білікті мамандарының үлесі – 96,4%.

Шетел жұмыс күшін тартуға рұқсат бергені және ұзартқаны үшін жыл басынан бері жергілікті бюджетке 69,8 млн теңге алым түсті.

Қазіргі уақытта Қазақстанда шетел жұмыс күшін пайдаланатын 1 789 жұмыс беруші бар. Оларда 443,4 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 99,2 пайызы.

Шетел жұмыс күшін тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 567 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 582 рұқсат (екінші санат). Тартылған шетел жұмыс күшін негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады — тиісінше олар 5 512 және 602 адам. Сонымен қатар маусымдық жұмыстарға 1 790 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 2 884 адам тартылды.

Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында — 4 403 адам, ауыл, орман және балық шаруашылығы — 1 817 адам, әкімшілік және көмекші қызметтер — 1 684, тау — кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу — 1 387 адам, өңдеу өнеркәсібі — 1 275 адам.

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай — 3 938 адам, Өзбекстан — 1 919 адам, Үндістан — 1 145 адам, Түркия — 1 101 адам.

Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі.

Айта кетейік, шетелдік жұмыс күшін тартудың өзіндік тәртібі бар. 2024 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,23% немесе 22 мың бірлік мөлшерінде белгіленді.

Көші-қон мәселелерін құқықтық реттеудің негізі Қазақстан Республикасының конституциясы болып табылады, соған сәйкес Конституцияда, заңдaрда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар ел аумағында азаматтар үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттер атқарады.

Шетел жұмыс күшін тарту тәртібі «Халықтың көші қоны туралы», «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасы заңдарымен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 15 желтоқсандағы №802 қаулысымен, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің м.а. 2016 жылғы 27 маусымдағы № 559 бұйрығымен бекітілген Жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру және (немесе) ұзарту, сондай-ақ корпоративішілік ауыстыруды жүзеге асыру  қағидалары және шарттарымен  реттеледі.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар