Биыл Шымкент қаласының белсенді 20 қыз-жігіті — «ZHAS PROJECT» жастар жобасының жеңімпазы атанып, 1 млн теңге грантты жеңіп алды, — деп хабарлайды Narkesken сайтының тілшісі.
Шымкенттік Ниязбек КОЧКАРОВ «ІСКЕР БАЛА сервистік орталығы» жобасын сәтті қорғап шығып, 1 млн грантты жеңіп алды. Ол 18-25 жас аралығындағы жұмыссыз жастарды үй техникасын жөндеу дағдыларымен қамтамасыз етеді.
«Бұл тегін оқу бағдарламасы кір жуатын машиналарды, тоңазытқыштарды және басқа да жиі қолданылатын үй техникаларын жөндеу бойынша теориялық және практикалық нұсқаулар береді. Оқу бағдарламасы электроника, негізгі механика және ақауларды жою әдістерін қамтиды. Қатысушылар тәжірибелі техниктерден тәлімгерлік алады және жұмысқа орналасуға көмектеседі. Алғашында осы бағдарлама бойынша 20 адамды сәтті оқытып, олардың 15-і бағдарламаны бітіргеннен кейін алты ай ішінде үй техникасын жөндеу саласында жұмысқа орналасты. Бұл бастама жастардың жұмыссыздығымен күресуге және қаланың экономикасына үлес қосуға бағытталған», — дейді Н.Кочкаров.
«Zhas Project» жобасының негізгі мақсаты – кәсіпкерлікті дамыту және әлеуметтік жобаларға қатысу арқылы NEET жастарын қоғамға қайта қосу. Конкурсқа қатысу үшін ұсынылатын әлеуметтік жобалар жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін шешуге бағытталуы тиіс. «Қорған-М» ҚБ төрайымы Диана Қырғызбаеваның айтуынша, бұл жобаға бастапқыда 300-ден астам өтініш келіп түскен. Комиссия оның жиырмасын ғана іріктеп алынған.
«Өтініштерді қарау барысында Шымкенттегі әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған, идеясы қызықты және маңызды деген 20 жоба жеңімпазы таңдалды. Жеңімпаздар грантты ақшалай алмайды. Олар өздерінің бюджеттік құжатында көрсеткен құрал-жабдықтарды ғана алады. Сол тізімге сай біздің мекеме оларға қажеттісін алып береді. Осылайша, біздегі барлық процедура ашық. Яғни, жобаны жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді», — дейді Д.Қырғызбаева.
Айта кетейік, «Zhas Project» жобасы жыл басында еліміздің 20 өңірінде басталған еді. Жауаптылар сайысқа қатысушылардың тәжірибе жинап қана қоймай, ел дамуына да үлес қосатынын айтады.
«Zhas Project» — бұл Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылатын жоба. Жобаның негізгі мақсаты — NEET санатындағы жастардың кәсіпкерлікті дамытуға көмектесу.
Жоба аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, сондай-ақ жұмыспен қамту және білім беру салаларынан уақытша тыс қалған 18 бен 35 жас аралығындағы жас қазақстандықтарға қолдау көрсетіледі. Биыл еліміздің 20 өңірінде NEET санындағы жастарына 1 миллион теңгеге дейінгі 280 шағын грант беру жоспарланған. Бұл жастарға жергілікті қоғамдастықтың мәселелерін шешу үшін өздерінің әлеуметтік идеяларын жүзеге асу үшін қосымша ресурстар мен мүмкіндіктер алуға мүмкін бастама.
NEET санатындағы жастар бірнеше категорияға бөлінетін болса, оның ішінде тіпті сотты болған жастар да жұмыспен қамту шараларына қатыса алады. Мәселен, Шымкенттегі еңбек мобильділігі орталығы тарапынан жұмыспен қамту шараларына пробация есебінде тұрған 41 жас тартылған. Ал бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған 17 жас жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, мүгедектігі бар 372 жас екі қолға бір күрек тапқан.