ЖЕТІСАЙ: КАНДИДАТТАРДЫ РЕСМИ ТІРКЕУ НӘТИЖЕСІ ЖАРИЯЛАНДЫ

Жетісай аудандық аумақтық сайлау комиссиясы Жаңа ауыл ауылдық округі әкімін сайлауға қатысушы кандидаттарды ресми тіркеу нәтижелерін жариялады. Комиссияның шешімімен бұл лауазымға үш үміткердің өтініші қанағаттандырылып, оларға сайлаушылардың алдында өз бағдарламаларын таныстыруға толық құқық берілді.

Бірінші үміткер – 1987 жылы туылған Нұрымбетов Жомарт Маратұлы. Ол «Жылысу» ауылдық округі әкімі аппаратында бас маман-жер инспекторы болып қызмет атқарады және өзін-өзі ұсынған кандидат ретінде сайлауға түсті.

Екінші үміткер – 2000 жылы туылған Көлбай Досалы Мұхтарұлы. Жастайынан мемлекеттік қызметке араласып, Мақталы ауылдық округі әкімі аппаратында бас маман-заңгер лауазымында жұмыс істеген Досалы Мұхтарұлы Атамекен ауылдық округінің тұрғыны. Ол да «өзін-өзі» ұсыну арқылы сайлауға түсіп, жас буын өкілі ретінде жаңашылдық пен заңдылықты ұштастыра білетін саяси тұлға екенін дәлелдеуге ниет білдірді.

Үшінші үміткер – 1988 жылы туылған Жақыпбек Болат Нұрмаханбетұлы. Ол «AMANAT» партиясының мүшесі және сол партия ұсынған кандидат ретінде тіркелді. Қазіргі таңда Жаңа ауыл ауылдық округі әкімі аппаратында бас маман-жер инспекторы болып қызмет атқаратын Болат Нурмаханбетұлы бұл аумақтың дамуына қатысты тәжірибесі мол маман ретінде танылды.

Осылайша, Жаңа ауыл ауылдық округі әкімі лауазымы үшін күрес ерекше қызығушылық тудыратын үш үміткердің арасында жалғасады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар