Шымкент қаласы әкімінің «Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша квота белгілеу туралы» қаулысына сәйкес 2024 жылы 54 мекемеге 200 бос орынға квота белгіленген болатын. Биылғы 10 айдың нәтижесі бойынша 42 мекемеге 140-тан астам азамат тұрақты жұмысқа жолдандған.
Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту кезінде Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес жергілікті атқарушы органдар (ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есептемегенде) мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарының санынан 2-ден 4% — ға дейінгі мөлшерде жұмыс орындарына квота белгілейді.
Квотаны жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің тізімдік саны бар ұйымдарға белгілейді.
- 50-ден 100 адамға дейін – қызметкерлердің тізімдегі санының 2% мөлшерінде;
- 101-ден 250 адамға дейін – қызметкерлердің тізімдегі санының 3% мөлшерінде;
- 251 адамнан жоғары – қызметкерлердің тізімдегі санының 4% мөлшерінде.
Бірақ мүгедектердің қоғамдық бірлестіктеріне, қызметкерлердің орташа жылдық саны 20%-дан астамы мүгедектігі бар адамды құрайтын ұйымдарға квота белгіленбейді.
Елді мекендерде еңбек қызметі үшін медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ еңбек етуге қабілетті жастағы мүгедектер болмаған кезде, бұндай елді мекендердің аумағында орналасқан ұйымдарда квота белгіленбейді.
Бұл квота зейнеткерлік жастағы адамдарға қолданылмайды.
«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде мүгедектігі бар тұлғалар халықтың басқа да осал топтарымен қатар еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар мен біліктіліктер бойынша қысқа мерзімді оқыту курстарынан басым тәртіппен өтуге, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқуға, бизнес-идеяларды іске асыруға 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде өтеусіз негізде микрокредиттер мен гранттар алуға, сондай-ақ қоғамдық, әлеуметтік, бос жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға құқылы.