«ӘЛЕУМЕТТІК ӘМИЯН»: ОҚУШЫЛАРДЫҢ ЫСТЫҚ АСЫ ЕНДІ ЦИФРЛЫҚ БАҚЫЛАУДА

Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкент қалалық Цифрландыру басқармасының басшысы М.Кемелов қала мектептерінде іске асырылып жатқан «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясындағы аппараттық-бағдарламалық кешеннің енгізілуімен танысты.

Жаңа бастама аясында оқушыларды ыстық тамақпен қамту жүйесі толықтай цифрлық форматқа көшірілуде. Бұл өзгеріс оқушылардың дұрыс тамақтануын бақылау және қаржыны тиімді пайдалану мақсатында жүзеге асырылып отыр.

«Әлеуметтік әмиян» цифрлық жүйесі Қазақстан мектептерінде өткен жылдан бастап сынақтан өтуде. Бұл жүйе 5–11 сыныптарда әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына берілетін тегін ыстық тамақтың әділ әрі ашық түрде таратылуын қамтамасыз етуге бағытталған.

«Жаңа жүйенің басты ерекшелігі – ата-аналардан ешқандай қағаз құжат жинаудың қажеті жоқ. Қолдау алу құқығы мемлекеттік деректер базасы арқылы автоматты түрде анықталады. «Әлеуметтік әмиян» цифрлық шешімі мемлекеттік қолдауды алдын-ала өзі анықтап, автоматты түрде көрсетіп қана қоймай, оқушының тиесілі тамақты алғанына нақты көз жеткізуге мүмкіндік береді» деп атап өтті басқарма басшысы.

Цифрлық жүйеде ата-ана келісімін берген жағдайда, отбасыға автоматты түрде цифрлық тамақтану ваучері құрылады. Бұл ваучерді ата-ана eGov mobile қосымшасы арқылы іске қосады. Оқушы мектеп асханасында арнайы сәйкестендіру әдістері – QR-код, карта немесе Face ID арқылы ыстық тамақ алады. Осыдан кейін ата-ананың телефонына баласының мектепте тамақтанғаны жөнінде хабарлама жіберіледі.

Жүйеде кері байланыс функциясы да қарастырылған – ата-ана берілген тағамның сапасына баға бере алады. Ал айдың соңында көрсетілген нақты қызметтер негізінде автоматты түрде орындалған жұмыстар актісі жасалып, жеткізушіге тек нақты қызметтер үшін төлем жүргізіледі.

«Мемлекеттік қолдауды цифрландыру – бұл жай ғана технология емес. Бұл әрбір мемлекеттік көмектің өз иесіне дәл әрі әділ түрде жетуін қамтамасыз ететін сенім жүйесін қалыптастырады. Біздің мақсатымыз – тұрғындарға қолайлы жағдай жасап, заманауи цифрлық шешімдер арқылы нақты көмек көрсету» дейді Мұхит Кемелов.

Басқарма басшысы, сонымен қатар, мектептердегі интернет пен бейнебақылау мәселелері бойынша да пікір алмасып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар