Ел Президентінің бастамасымен қолға алынып, бүкіл республиканы қамтыған «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны өңірлерде өз жалғасын табуда. Қоршаған ортаны қорғау, туған өлкені көркейту және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатын көздеген бұл игі іске Созақ ауданындағы Жуантөбе ауылын бір кісідей атсалысып келеді.
Айтулы сенбілік барысында ауыл тұрғындары мен әкімдік қызметкерлері бірлесіп ауқымды жұмыстар атқарды. Ауыл көшелері мен жол бойлары ретке келтіріліп, арам шөптер шабылды, жиналған қоқыстар арнайы орындарға шығарылды. Қоғамдық орындардың тазалығын қамтамасыз ету бағытында атқарылған бұл жұмыстар елді мекеннің келбетін айтарлықтай өзгертіп, көрікті ете түсті.
Шараның маңыздылығын атап өткен Жуантөбе ауылдық округінің әкімдігі тұрғындарды игі бастамаға әрдайым қолдау көрсетуге шақырып отыр. Әрбір азамат өз үйінің аумағын, көше бойларын, саябақтар мен қоғамдық орындарды таза ұстау арқылы қоғамға деген жанашырлығын дәлелдейді. «Адал азамат» ұғымының мағынасы да дәл осындай күнделікті іс-әрекеттерден, елге деген адал еңбектен көрініс табады. Елді мекенді абаттандыруға бағытталған мұндай экологиялық шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалпы халықтық сипатта жалғасын табатын болады.
