Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін табысты қорғап, кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға белсенді қатысып келеді. Бүгінгі күні кәсіпкерлік ел экономикасының қозғаушы күшіне айналды деуге толық негіз бар.
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Зухра Амированың мәлімдеуінше, 2024 жыл мен 2025 жылдың 5 айында Кәсіпкерлік палатасына 262 өтініш түсіп, 4,7 млрд теңгеге кәсіпкерлердің мүліктік құқықтары қорғалды. Палата өкілдері сотта 57 іске қатысып, 26-сы кәсіпкер пайдасына шешілген. Кеңесте қаралған 34 мәселе бойынша 191 ұсыныстың 78%-ы орындалды. «Бизнеске жол» жобасы аясында 30 отырыста 55 мәселе талқыланып, 19-ы оң шешімін тапқан.
«16 мемлекеттік қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 3,1 трлн теңгені құрайтын 131 инвестициялық жоба тіркеліп, 13 проблема анықталды. Электр мен газ қуаттылығы туралы ашық ақпараттың болмауы кәсіпкерлікті тежейді. Сондықтан «Қуаттылық картасын» әзірлеу ұсынылады. Жер және инфрақұрылым деректерінің ашық еместігі де өзекті мәселе. Мұндай ашықтық — бизнесті жоспарлау мен жемқорлықты азайтуда маңызды», – деп атап өтті Зухра Амирова.
Айта кетейік, Түркістан облысының прокуратурасы 2025 жылы «Инвест-Караван-2025» акциясы шеңберінде 3 көшпелі кездесу өткізіп, 26 инвестормен тікелей сұхбат жүргізген. Сондай-ақ, 6 инвесторға қатысты заңсыз шешімдер қабылданғанын анықтап, оларға қатысты тіркелген әкімшілік істердің күштері жойылған, 4 инвесторға қатысты уәкілетті органдардың негізсіз тексерулері тоқтатылған. Нәтижесінде ағымдағы жылдың 5 айында 216 жеке кәсіпкердің және 6 инвестордың құқықтары қорғалып, жалпы сомасы 79,7 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба бойынша кейстер шешілген.