Қазақстанның ең ірі және қарқынды дамып келе жатқан қалаларының бірі саналатын Шымкентте соңғы жылдары қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін цифрлық технологиялар белсенді енгізілуде. Осы саладағы негізгі жобалардың бірі — өзінің тиімділігін дәлелдеген «Сергек» қауіпсіздік жүйесі.
Соңғы үш жылда «Сергек» жүйесі Шымкенттегі қауіпсіздік деңгейіне айтарлықтай әсер етті. Жасанды интеллект камералары мен технологияларының арқасында жол-көлік оқиғаларының саны азайған. Жүйе жүргізушілерге жылдамдық режимі мен жол ережелерін сақтауға көмектеседі, бұл жол ережелерінің сақталуына оң әсер етуде.
— «Сергек» — тек жол қозғалысын бақылау құралы ғана емес. Жүйе қоғамдық орындардағы қылмыстарды ашу үшін белсенді қолданылады. Шымкент полиция департаментінің мәліметінше, 2024 жылы «Сергектің» арқасында 700-ден астам қылмыстық құқық бұзушылық, соның ішінде кісі өлтіру, қарақшылық шабуылдар және автокөлік ұрлығы анықталды. Сонымен қатар, 75 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Бұл технологиялар мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының арқасында қол жеткізген нәтиже, — дейді Sergek Group-тың оңтүстік аймақ бойынша директоры Абзал Саттаров.
Sergek Group өңірлік директорының айтуынша, бүгінгі таңда Шымкентте жолдарда 300-ге жуық аппараттық-бағдарламалық кешен және 1 500 қоғамдық бейнебақылау камерасы орнатылған. Бұл құрылғылар тәулік бойы бақылауды қамтамасыз ететін қаланың негізгі нүктелерін қамтиды. Алайда жүйенің дамуы мұнымен тоқтап қалмайды. Жақын арада балабақшалар, емханалар және басқа да мекемелер сияқты әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне камералар орнатуды қоса алғанда, жобаны кеңейту жоспарлануда.
«Сергек» жүйесін енгізудің маңызды аспектілерінің бірі — оны қала тұрғындарының қабылдауы.
— Біз-қауіпсіздік саласында жұмыс істейтін қазақстандық IT-компаниямыз. Біздің міндетіміз — адамдарды ережелерді сақтауға мәжбүрлеу ғана емес, бұл олардың өмірі мен басқалардың қауіпсіздігіне байланысты екенін жеткізу, — деп атап өтті ол.
«Сергек» жүйесі Шымкентте қауіпсіздік деңгейін арттыруда өзінің тиімділігін дәлелдеді. Апатты азайту, қылмыстарды ашу және жаңа технологияларды енгізу қаланы қауіпсіз және өмір сүруге ыңғайлы етеді.