Шымкент қаласының аумағында шомылуға тыйым салынған 30 орын белгіленген. Осы орындар бүгінгі таңда әуеден бақыланады. Судағы қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті өзендер мен арықтардың жағалауларын дронмен күзетуде.
Шымкенттің жазы өте ыстық, Шомылу науқанында халықтың көбі рұқсат етілмеген жерлерге барып шомылуды әдетке айналдырған. Осындай орындардың бірі – Бадам өзенінің бойы.
«Енді бұл аумақтар әуеден бақыланады. осындай ұшқышсыз ұшу аппараттары қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді», – дейді құтқарушылар.
Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаменті күнделікті құтқару қызметіне заманауи технологияларды белсенді енгізуде. Төтенше жағдайларды жою, іздестіру-құтқару операцияларын жүргізу және ықтимал қауіпті учаскелерді мониторингтеу кезінде өзінің тиімділігін дәлелдеген негізгі құралдардың бірі — ұшқышсыз ұшу аппараттары.
Дрондарды құтқарушылар іздестіру-құтқару және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу, табиғи өрттердің ошақтарын, өзен- көлдерді, су басу аймақтарын және басқа да төтенше жағдайларды бақылау, жою барысын бақылау үшін және іске қосылған күштер мен құралдардың іс-қимылдарын үйлестіру үшін қолданады. Төтенше жағдай салдарын бағалауда аэротүсірілім барысында алынған фото және бейнематериалдарды талдау арқылы нақты уақыт режимінде ақпарат беру кезінде де дронның көмегі орасан. Сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттары гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін мониторингілеу, орман алқаптары мен ықтимал қауіпті учаскелерді бақылау, дрондарда орнатылған акустикалық жүйелерді пайдалана отырып, халықты хабардар ету үшін профилактикалық мақсаттарда пайдаланылады.
«Ұшқызсыз ұшу апараттары қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Адам аяқ баса алмайтын жерлерді, көз жетпейтін орындарды бақылауда дронның көмегі көп болып тұр» дейді Шымкент қалалық ТЖД басқармасының офицері Серік Әуесхан.
Жалпы, шомылу маусымы аяқталғанға дейін – қыркүйек айының соңына дейін – Шымкент қаласының су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жалғасатын болады.
