QAZTRACKER — МАЛ АУРУЫ МЕН ҰРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУҒА ТАПТЫРМАС ҚҰРАЛ

Бүгінде Шымкентте тұрғындар арасында «Төлем», «Алақан» биометриясы секілді танымал бола бастаған IT жобалар қатарында  QazTracker жобасын ерекше атап өтуге болады.

QazTracker — бұл IoT технологиясын қолдана отырып, ірі қара мен жылқыға арналған GPS трекерлер мен трекер-қарғыбау жасауға бағытталған жоба. Бұл құрылғылар GSM сигналы жоқ, қолжетімді емес аймақтарда да жануарлардың жүрген жерін, малдың денсаулығы мен белсенділігін, температурасын, белсенділігін, күйін бақылауға мүмкіндік береді. Бұл жобаның артықшылығы сол,  олардың трекерлері телефон байланысы мен интернет жоқ жерде де істей береді.

Жобаның негізін қалаушылар – шымкенттік сыныптас екі жігіт Мирас Тұрсынәлиев пен Динар Бансейітов. Сыныптастар АӨК саласында білім алмаған. Динардың энергетик болғысы келді, ол Алматы энергетика және байланыс университетінде оқыған. Ал, Мирас КИМЭП-ті бітіріп, қаржылық білім алған. Алайда, екеуі де студент кезден түрлі IT-жобалар жасаумен айналысқан. Трекер жасау ісін олар 2019 жылы жоғары оқу орнын бітірген кезде қолға алған.

Алғашқыда олар трекерді ірі қара мал (ІҚМ) мен жылқылардың геолокациясын анықтау, осы арқылы мал ұрлығының деңгейін төмендету мақсатында жасайды. Кейіннен идеяны жетілдіріп, жануарлардың ауруы мен мал өлімін бойынша азайта алатын экожүйе деңгейіне жеткізеді. Идеяны жүзеге асыру үшін олар түрлі байқауларға қатысып, жобаны таныстырып, инвестор табуға тырысады. 2022 жылы олардың жобасы Freedom Holding Corp-тың иесі Тимур Турловтың көңілінен шығады.  Қазір оның жобадағы үлесі 10% құрайды.

QazTracker  құрылғысының біреуінің бағасы — 15-20 мың теңге. Бұл нарықтағы ұқсас құрылғылардың бағасынан әлдеқайда арзан. Сондықтан олардың технологиясы фермерлер мен малшылар үшін қолжетімді.

Жоба авторларының  айтуынша, GPS трекерлер мал ұрлығының алдын алуға да көмектеседі. QazTracker пайдалану фермерлерге ұрлық жағдайларына жедел әрекет етуге мүмкіндік береді және олардың малдарының қауіпсіздігіне кепілдік береді.

2026 жылы QazTracker жобасын жақын шетелдердің нарықтарына шығару жоспарлануда.

«Болашақта, біз бұрын айтқанымыздай, сүтті малға да трекерлер әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Олар технологиялық тұрғыда дамытылған, малдың салмағынан басқа, сүттің құрамын және т. б. Өлшейтін етіп жасаймыз» дейді стартапшылар.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар