Шымкентте жол-көлік саласында ауқымды цифрландыру жүріп жатыр. Қалада 15 қазаннан бастап жол қабатын сақтау, қозғалыс қауіпсіздігін арттыру және көлік жүктемесін азайтуға бағытталған заманауи автоматтандырылған өлшеу станциялары іске қосылды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек БАҚ өкілдерімен өткен брифингте хабарлады.
Қазіргі таңда қала аумағында 3 автоматтандырылған өлшеу станциясы (АӨС) жұмыс істеп тұр. Өлшеу станциялары автокөлік құралдарының қалаға кіретін негізгі орындарына орнатылды. Биыл осы жобаға 308,6 миллион теңге бөлінген. Өлшеу станциялары Шымкент–Сайрам бағыты бойынша Жібек жолы көшесінде, Мартөбе шағынауданы маңындағы мұсылман мазараты жанына; Шымкент–Сайрам бағыты бойынша Бердіқожа батыр көшесінде, Қарасу өзені көпірі маңына және Шымкент–Сайрам–Қарамұрт бағыты бойынша Әмір Темір көшесіне қойылған.
Жаңа кешеннің жұмыс істеу әдісі өте қарапайым. Асфальтқа орнатылған датчиктер өтіп бара жатқан әрбір жүк көлігінің салмағын қозғалыс барысында өлшейді. Жүргізушіге тоқтаудың немесе жылдамдықты азайтудың қажеті жоқ — жүйе барлығын автоматты түрде атқарады. Яғни жоба жолдарды тексеру процесінде адам факторын алып тастауға да ықпал етеді.
Ауыр салмақты көліктердің қатынауы қала аумағындағы магистральдардың мерзімінен бұрын бұзылуына әкеліп соғуда. Жалпы мақсаттағы жүк көліктеріне бірқатар талаптар қойылады. Атап айтқанда, бір осьті жүк көліктері 10 тоннаға дейін, екі осьті жүк көліктері — 18 тонна, 3 осьті жүк көліктері — 20 тонна және тіркемесі бар жүк көліктері — 50 тоннаға дейін жүк тасымалдай алады. Осы талаптар бұзылған жағдайда айыппұл салынады.
Мегаполисте 2026 жылы осындай тағы алты кешен орнату жоспарлануда. Жобаның құны 712,6 миллион теңгені құрайды. Жаңа станциялар Әл-Фараби даңғылында (Ынтымақ шағынауданы аумағы және Исфиджаб кенті), Темірлан тас жолында әуежайға кіре берісте, Бәйдібек би даңғылында (Бозарық шағынауданының аумағы), ипподромның жанындағы А-2 тас жолында, сондай-ақ Ташкент бағытындағы оңтүстік айналма жолда орнатылады.
Жобаны іске асыруға қалалық бюджеттен барлығы 1,021 миллиард теңге бөлінді. Мердігер өткен жылдың қазан айында мемлекеттік сатып алу конкурсы барысында анықталған.
