Шымкент қаласының Орталық саябағында полиция департаментінің бастамасымен және қала әкімдігінің қолдауымен түсірілген «BalaZan – балалық шақтан заң жолымен» атты анимациялық фильмнің алғашқы бөлімі көпшілік назарына ұсынылды. Премьера ашық аспан астында, үлкен LED-экранда көрсетіліп, шараға 500-ден астам бала қатысты.
Жоба өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға және «Заң мен Тәртіп» идеологиясын ілгерілетуге бағытталған. Мультфильм балаларға заңның, әділдіктің және қоғамдық тәртіптің маңызын қызықты әрі түсінікті түрде жеткізуді мақсат етеді.
Анимациялық фильмнің басты кейіпкері Қазақстанның тәуелсіздігі мен күшін бейнелейтін құдіретті және асыл аң Барыс болды. Барыстың шытырман оқиғалары арқылы балалар адалдық, айналасындағыларға құрмет және ережелерді қатаң сақтау сияқты негізгі құндылықтармен танысады. Мультфильм балаларда заң тек тыйымдар жиынтығы емес, қауіпсіз және үйлесімді қоғамның негізі екенін түсінуге арналған.
Премьера аясында балалар үшін түрлі интерактивті және танымдық шаралар ұйымдастырылды. Қатысушылар жол қозғалысы ережелері бойынша викторинаға қатысып, кинологтар мен криминалистердің жұмысымен, сондай-ақ арнайы жасақ қызметімен танысты. Сонымен қатар, полиция қызметіне арналған фотокөрме ұсынылды.
Мерекелік атмосфераны қуыршақ театрының әртістері, Шымкент циркі өнерпаздары және жол қозғалысының жас инспекторларының сахналық қойылымдары жандандырды. Іс-шара соңында балалар мен ата-аналар үшін концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, қатысушылар түрлі-түсті шарларды аспанға ұшырды – бұл ізгі ниет пен бейбітшіліктің белгісіне айналды.
Жоба авторларының айтуынша, «BalaZan» – тек анимациялық фильм емес, сонымен қатар балаларға заңды құрметтеуді, әділдік пен жауапкершілікті бағалауды, қоғамға пайдалы болуды үйрететін тәрбиелік бастама.
