Елімізде жыл сайын 19 қазанда аталып өтілетін Құтқарушылар күні биыл ерекше мәнге ие болды. Себебі, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің (ТЖМ) құрылғанына 30 жыл толуы азаматтық қорғаныс жүйесінің қалыптасуы мен дамуындағы маңызды кезеңді айшықтайды.
Осыған орай қаламызда да мерекелік іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Салтанатты шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, азаматтық қорғаныс жүйесін нығайтуға зор үлес қосқан сала мамандары мен ардагерлерін құттықтады. Жиын барысында үздік қызметкерлерге алғыс хаттар мен арнайы көліктердің кілттері табыс етілді.
Қала әкімі өз сөзінде құтқарушылардың еліміздің қауіпсіздігі мен азаматтардың игілігі жолындағы жанқиярлық еңбектерінің маңыздылығын атап өтті. «Сіздер адамдарды құтқару жолында күн сайын өз өмірлеріңізді қатерге тігіп, борыштарыңызды абыроймен атқарып келесіздер. Осынау мереке күні сіздерге зор денсаулық, бақ-береке, қызметтеріңізге табыс тілеймін», – деді Ғ.Сыздықбеков.
Мерекелік шара аясында қала әкімі Төтенше жағдайлар департаменті ұсынған заманауи өрт сөндіру және авариялық-құтқару техникаларының көрмесін аралап көрді. Бұл техникалардың қазіргі заман талаптарына сай жабдықталуы құтқарушылардың жұмысын жеңілдетіп, тиімділігін арттыратыны сөзсіз.
Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің құрамында бүгінде мыңға жуық адам жұмыс істейді. 10 өрт сөндіру бекетінің мамандары мен жедел-құтқару жасағы қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.
Қала аумағының кеңеюіне байланысты қауіпсіздікті жақсарту мақсатында жаңа өрт сөндіру бекеттерін салу, жедел жәрдем мен полицияны біріктіретін заманауи көпфункционалды орталықтарды құру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл шаралар қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Соңғы жылдары өртке қарсы сынақ зертханасы мен медициналық пункт ашылып, 43 жаңа құрал-жабдық сатып алынды. Құтқарушылардың дайындығын арттыру үшін спорт алаңы мен жаттығу алаңдары әзірленді. Бұл құтқарушылардың кәсіби біліктілігін арттыруға және төтенше жағдайларға дайындығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдар болып табылады.
