ЭТНОС ЖАСТАРЫ АРАСЫНДА ҚОЛӨНЕР БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын мерекелеу аясында Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылындағы Д.Қонаев атындағы аграрлық техникалық колледжінде ерекше маңызды шара өтті. Ел іші – өнер кеніші» тақырыбында өткен байқауға колледждің тігін мамандығында білім алатын әр түрлі этнос жастары қатысты.

Бұл байқаудың негізгі мақсаты – ұлттық қолөнерді дамыту, оның маңыздылығын арттыру, қолөнер шеберлеріне қолдау көрсету, олардың еңбектерінің халық арасында кеңінен насихатталуын қамтамасыз ету. Сонымен қатар, жас әрі дарынды қолөнершілерді анықтап, олардың шығармашылық жолын ашу, мәдени мұраны жаңғырту, сондай-ақ шығармашылық, қолөнер және бизнес салалары арасындағы байланыстарды нығайту көзделді.

Колледж студенттері байқауда өздерінің қолөнер туындыларын, шеберліктері мен креативті ойларын ортаға салып, көрермендер мен қазылар алқасын таң қалдырды. Әрбір жұмыс  студенттердің еңбексүйгіштігінің, ұлттық дәстүрлерге деген құрметінің және заманауи үрдістерді игеру қабілетінің айқын көрінісі болды.

Қазылар алқасы байқауға қатысушылардың жұмыстарын жоғары бағалап, олардың кәсіби дайындығы мен шығармашылық ізденістерін ерекше атап өтті. Байқау қорытындысы бойынша ерекше көзге түскен қатысушылар түрлі номинациялар бойынша алғыс хаттармен марапатталды. Бұл марапат – олардың еңбегінің мойындалуы ғана емес, сонымен қатар болашақта қолөнер саласында табысты болуға деген жігер беретін маңызды ынталандыру болды.

«Ел іші – өнер кеніші» байқауы – бұл тек жарыс емес, сонымен қатар жастардың бойындағы ұлттық құндылықтарды, шығармашылықты және кәсіби шеберлікті дамытуға бағытталған маңызды тәрбиелік шара. Мұндай іс-шаралардың жалғасын табуы, ұлттық қолөнеріміздің өркендеп, жаңа буын шеберлерінің қалыптасуына зор үлес қосатыны сөзсіз.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар