ТҮРКІСТАН ӘКІМІ ҮЗДІК СПОРТШЫЛАРДЫ АРНАЙЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Мемлекет басшысының спортшыларды қолдауы, олардың жетістіктерін жоғары бағалауы – бұл ұлттық рухты көтерудің, елжандылықты нығайтудың маңызды факторы. Спорттық жарыстарды тамашалау кезінде халық бір тудың астына топтасып, өз елінің намысын қорғап жүрген спортшыларды бірге қолдайды. Бұл – ұлттық бірлікті нығайтатын, қоғамды біріктіретін күш.

Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы халықаралық жарыстарда ел намысын лайықты қорғап, Түркістанның атын кеңінен танытып жүрген кәсіпқой боксшы Бек Нұрмағанбет пен марафоншы Ғани Темірәліұлын арнайы қабылдады.

Қала басшысы өз сөзінде спорттың қоғамды біріктіретін, жастарға жігер беретін маңызды сала екенін атап өтіп, Түркістанның атын әлемге танытып жүрген азаматтарға қолдау көрсету әкімдік үшін маңызды бағыттардың бірі екенін жеткізді. Әзімбек Пазылбекұлы кез келген үлкен жетістік табандылық пен қажырлы еңбектің нәтижесі екенін айтып, спортшы жігіттердің жетістіктерін жоғары бағалады.

Бек Нұрмағанбет – жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионы, Қазақстан чемпионы атанып, кәсіпқой бокста 15 жекпе-жектің барлығында жеңіске жеткен спортшы.

Ғани Темірәліұлы – бір жыл ішінде Баку, Бішкек, Алматы, Түркістан және Самарқанд қалаларында өткен TAN Marathon Series кезеңдерін толық өтіп, «TAN марафон мейджоры» атағын иеленген марафоншы.

Қабылдауға Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Амантайұлы мен бірқатар мәслихат депутаттары қатысып, қос спортшыны жоғары жетістіктерімен құттықтап, олардың жеңістері қаланың мерейін өсіріп отырғанын атап өтті.

Бұл кездесу спортшылардың еңбегін бағалаумен қатар, оларға деген мемлекеттік және жергілікті биліктің қолдауын көрсетті. Мұндай қолдау спортшыларға жаңа жетістіктерге жетуге, ел мерейін асқақтатуға ынталандырады. Сондай-ақ, бұл жастарға үлгі болып, оларды спортқа тартуға, салауатты өмір салтын насихаттауға септігін тигізеді. Түркістан қаласының әкімдігі мен мәслихатының бұл бастамасы, спорттық жетістіктердің ұлттық рухты көтерудегі маңызды рөл атқаратынын тағы бір дәлелдеді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар