Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық тәртіпті нығайту, құқықбұзушылықтың алдын алу және жастарды тәрбиелеу мәселелеріне ерекше мән береді. Бұл бағыттағы мемлекеттік саясаттың негізгі мақсаты – әрбір азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заң үстемдігін орнату және жас ұрпақтың салауатты, құқықтық саналы азамат болып қалыптасуына жағдай жасау. Осы бағыттағы жұмыстардың бір көрінісі ретінде Түркістан қаласында өткен түнгі рейдті атап өтуге болады.
Бұл маңызды іс-шараға қала прокуратурасы, полиция департаменті, білім бөлімі және жастар ресурстық орталығының мамандары жұмылдырылды. Жалпы 70 маманның қатысуымен өткен рейдтің басты мақсаты – жауапкершілікті арттыру және жас буынның құқықтық мәдениетін дамыту болды.
Кешкілік басталған рейд барысында қаланың қоғамдық орындары, соның ішінде саябақтар, ойын-сауық орталықтары, көшелер мен басқа да көпшілік жиналатын жерлер мұқият тексерілді. Тексеру жұмыстары кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуына ерекше назар аударылды. Полиция қызметкерлері мен прокуратура өкілдері заң бұзушылықтарды анықтап, олардың алдын алу бойынша тиісті шаралар қабылдады.
Мұндай түнгі рейдтер мен профилактикалық іс-шаралар Түркістан қаласында тұрақты түрде өткізіліп отырады. Бұл шаралар қоғамдағы құқықтық сананы қалыптастыруға, жастарды дұрыс бағытқа бағыттауға және қаланың жалпы қауіпсіздігін арттыруға елеулі үлес қосады. Құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелердің бірлескен күші арқылы жастардың құқықтық мәдениетін дамыту және олардың қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасуына жағдай жасау – басты мақсат болып қала бермек.
