Мақтаарал ауданында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының іске асуы ауылдық өңірлерді дамытудағы жаңа дәуірді бастады. Соңғы алты жыл ішінде ауылдың тыныс-тіршілігін түбегейлі өзгертіп, елді мекендердің инфрақұрылымы жүйелі түрде жаңғыртылды. 2019-2025 жылдар аралығында ауданға миллиардтаған теңге инвестиция құйылып, жолдардың сапасы жақсартылып, білім, мәдениет және спорт нысандары заманауи келбетке ие болды. Бұл ауқымды жұмыстар ауылдың көркін кіргізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берді.
Бағдарламаның алғашқы қарлығашы ретінде 2019 жылы 494,3 млн теңге қаржыға Абылайхан атындағы жалпы білім беретін мектеп күрделі жөндеуден өтіп, 13 елді мекендегі 13 шақырым көше орташа жөндеуден өтіп, жол сапасы арттырылды.
2020 жылы қаржыландыру 1,04 млрд теңгеден асқаны бұл кезеңдегі жұмыстардың қарқынын айғақтайды. 31 елді мекенде 25,1 шақырымнан астам жол жөнделіп, Атакент кентіндегі В. Комаров атындағы мектеп жаңартылып, Мырзакент кентіндегі орталық стадион қайта жаңғыртылды.
2021 жылы 723,3 млн теңге толығымен жол инфрақұрылымына бағытталып, 35 елді мекенде 38,5 шақырым көше жөндеуден өтті. Ал 2022 жыл рекордтық көрсеткішпен ерекшеленді: 2,89 млрд теңге бөлініп, бұл кезең аудан тарихына ең ірі инвестициялық жыл ретінде енді. Осы жылы Мырзакентте спорт кешенінің құрылысы басталды, Жалын мен Т. Жайлыбаев елді мекендерінде мәдениет үйлері мен кітапханалар салынды. Тіпті Дихан ауылында газбен жабдықтау желілері тартылуы ауыл өмірін одан әрі жақсартуға бағытталды.
2023 жылы 1,2 млрд теңге игеріліп, 45,6 шақырым жол жөнделді. Сонымен қатар Өркениет елді мекенінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды.
2024 жылы 2,03 млрд теңге қаржыға 34,8 шақырым жол жөнделіп, Өркениет ауылындағы спорт кешені пайдалануға берілді. Алғабас ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті.
2025 жылға 2,02 млрд теңге жоспарланып, 27,1 шақырым жол жөнделді. Сонымен бірге Ынталы және Ж. Қалшораев ауылдарында мәдениет үйлері мен кітапханалардың құрылысы аяқталып, Үлгілі елді мекеніндегі мәдениет үйі жаңартылып, халық игілігіне табысталды.
Қорыта айтқанда, алты жыл ішінде Мақтаарал ауданында ондаған әлеуметтік нысан бой көтеріп, жүздеген шақырым жол жөнделді. Бұл жай ғана статистика емес, ауыл тұрғындарының күнделікті өміріндегі нақты оң өзгерістердің жарқын көрінісі. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы өңірдегі ауылдарды дамытудың тиімді тетігі ретінде айқын нәтижесін көрсетіп отыр. Алдағы уақытта да осы қарқын сақталып, ауылдық аумақтарды кешенді дамыту жұмыстары жалғасын табады.
