САЙЛАУ-2026: «ЖАС САЙЛАУШЫЛАР КЛУБТАРЫ» – ЭЛЕКТОРАЛДЫҚ МӘДЕНИЕТТІҢ ІРГЕТАСЫ

Қызылорда қаласы екі күннен бері еліміздің болашақ сайлаушыларын біріктірген маңызды шараның орталығына айналды. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен «Жастар және сайлау» атты республикалық форум екі күндік жұмысын қорытындылады. Бұл ауқымды жиын жастардың сайлау процесіне белсенді қатысуын арттыруға, электоралдық мәдениетін қалыптастыруға және сайлау жүйесін жетілдіруге бағытталған.

Форумға Түркістан облысынан аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Аңсар Өсербаев пен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Шаңырақ» клубтар координациясына қарасты «Жас сайлаушылар клубының» төрайымы Бибайша Темір қатысты.

Форумның басты қонағы – Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров еліміздің барлық өңірлерінен жиналған «Жас сайлаушылар клубтарының» мүшелерімен тікелей кездесу өткізіп, жастармен тұрақты диалог орнатудың маңыздылығын атап өтті.

Кездесудің негізгі мақсаты – жастарды сайлау үдерістеріне белсенді тарту және олардың азаматтық белсенділігін арттыру.

Форум аясында жас белсенділер өздерінің инновациялық жобаларын таныстырды. Бұл жобалар білім беру бастамаларынан бастап, мектеп және студенттік сайлауларды ұйымдастыруға дейінгі ауқымды қамтыды. Сонымен қатар, жастар Telegram-боттар, комикстер және робототехника саласындағы өздерінің цифрлық шешімдерін көрсетті. Бұл әзірлемелер сайлау процестерін жастар үшін тартымды әрі түсінікті етуге бағытталған.

Кездесуде құқықтық мәдениетті арттыру, азаматтық белсенділік және цифрлық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сабыржан Лиас студенттік сайлауларды ұйымдастыру және дебат қозғалысын дамыту тәжірибесімен бөліссе, Айша Таласова мектеп оқушыларына арналған жобасын және клуб қызметін дамытудағы өз жетістіктерін баяндады.

Айта кетейік, мұндай кездесуді өткізу бастамасы клуб қозғалысының өз мүшелерінен шыққан. Бұл жастардың өздерінің белсенділік көрсетіп, сайлау жүйесін жетілдіруге деген ұмтылыстарын айғақтайды. Іс-шараға «Жас сайлаушылар клубтарының» шамамен 60 өкілі және өңірлік аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары қатысып, пікір алмасты.

Форумның қорытындысы бойынша, «Жас сайлаушылар клубтары» электоралдық мәдениетті қалыптастырудың маңызды платформасына айналып келе жатқаны атап өтілді. Бүгінгі таңда бұл клубтар еліміз бойынша 248 бірлестікте 3 мыңнан астам жасты біріктіріп отыр.

Сол күні барлық өңірлердің сайлау комиссияларының төрағаларымен кеңес те өткізілді. Онда алдағы сайлау науқандарын ұйымдастыру мен өткізудің негізгі мәселелері жан-жақты талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.

«Жастар және сайлау» республикалық форумының Қызылордада алғаш рет өтуі – еліміздің болашағы болып табылатын жастардың азаматтық белсенділігін арттыру жолындағы маңызды қадам болды. Бұл шара жас ұрпақтың сайлау құқықтары мен міндеттері туралы хабардарлығын арттырып, оларды қоғамдық өмірге белсене араласуға ынталандырады деп сенеміз. Болашақ сайлаушылардың белсенділігінің артуы – ел дамуының кепілі.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар