Өзекті мәселелерді жедел шешу үшін Түркістан қаласы 6 секторға бөлінген. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығы негізінде Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы осы 6 секторда жыл бойы тұрғындармен кездесулер өткізді. Бұл кездесулер – қала тұрғындары үшін өздерін толғандыратын мәселелерді тікелей әкімге жеткізуге, ұсыныстар білдіруге және атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат алуға мүмкіндік беретін маңызды алаң.
Кездесулер барысында тұрғындар қоғамдық көлік қатынасы, инфрақұрылым сапасы, ауыз су, кәріз жүйесі және жер мәселелері бойынша өз өтініштері мен ұсыныстарын жеткізді. Әрбір сұрақ мұқият тыңдалып, қала басшысы тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, бірқатар өзекті мәселелерге қатысты нақты шешімдер қабылдады. Сондай-ақ, тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктелді.
Түркістан қаласының даму жоспарындағы маңызды бағыттардың бірі – Бірлік секторының инженерлік инфрақұрылымын дамыту. Бұл секторда ауыз су, кәріз, электр және газ жүйелерін жетілдіруге арналған бірқатар ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жұмыстар жоспарға сай атқарылып, секторының тұрғындарына жайлы өмір сүру жағдайын жасауға бағытталған.
Кәріз жүйесі: Бірлік секторында кәріз жүйесін дамыту бойынша үш жоба белсенді түрде жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда ұзындығы 11,2 шақырымды құрайтын 17 көшеде жаңа кәріз желісі тартылды. Бұл жұмыстардың жалғасы ретінде жыл соңына дейін ұзындығы 1,5 шақырым болатын тағы 5 көшеге абоненттік кәріз желісін жүргізу жоспарланған. Бұл шаралар секторындағы санитарлық-гигиеналық жағдайды жақсартуға және тұрғындардың денсаулығын қорғауға бағытталған.
Электрмен қамту: Электрмен қамту саласында да айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Биыл 26,2 шақырымды қамтитын 21 көшеге 750 дана жаңа электр бағанасы орнатылды. Жалпы жоба аясында 60,3 шақырым электр желісі тартылып, 14 жаңа трансформатор орнату жоспарланған. Бұл шаралар электр энергиясының сапасын арттырып, тұрақты жеткізілуін қамтамасыз етеді.
Жол инфрақұрылымы: 2026 жылға дейін ұзындығы 12,68 шақырымды құрайтын 22 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, биыл Наурызым көшесінде ұзындығы 2,6 шақырым болатын жол жөндеу жұмыстары басталып, келесі жылы толық аяқталмақ. Бұл жобалар көлік қозғалысын жеңілдетіп, қала ішіндегі қатынауды жақсартады.
Жарықтандыру және аялдамалар: Бірлік секторындағы 179 көшенің 96 пайызы жарықтандырылған. Бұл қауіпсіздікті арттырып, кешкі уақытта қаланың көрікті келбетін қалыптастырады. Биылғы жылы 4 жаңа аялдаманың орнатылуы қоғамдық көліктерді пайдалануды ыңғайлы етеді.
Абаттандыру және демалыс орындары: Сектор аумағындағы абаттандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда 12 ойын алаңы бар, ал биыл тұрғындардың сұранысына сай 2 жаңа спорт және ойын алаңы пайдалануға берілді. Сығанақ көшесіндегі заманауи ойын алаңы мен Айналма тас жолындағы абаттандыру нысандарының толық аяқталуы тұрғындарға сапалы демалыс орындарын ұсынады.
Қоғамдық қауіпсіздік: Қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мақсатында 42 бейнебақылау камерасы және 4 нөмірлік тану камерасы орнатылуда. Бұл жүйелер облыстық Полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылып, қала аумағындағы құқық бұзушылықтарды анықтауға және алдын алуға ықпал етеді.
Жалпы, Түркістан қаласының Бірлік секторындағы инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және қаланы заманауи қала ретінде қалыптастыруға бағытталған. Бұл жобалардың сәтті жүзеге асырылуы қаланың болашақ дамуына зор үлес қосады.
